Қазақстандық туристер елге қайта алмай отыр

Біріккен Араб Әмірліктерінде демалған 100-ден аса отандасымыз елге жете алмай жатыр.

Жолаушылар 6 қаңтар күні «FlyArystan» әуе компаниясының «Дубай-Ақтау» бағытымен Қазақстанға оралуы тиіс еді. Елдегі жағдайға байланысты рейс 10 қаңтарға ауыстырылған. Бірақ, сол күні жолаушыларды ұшақ алмай кеткен. Демалушылардың айтуынша, осы уақытқа дейін әуе компаниясынан мардымсыз жауап не көмек болмаған. Ал, шетелдегі жолдама мерзімі 6-қаңтарда аяқталыпты. Бір аптадан бері қазақстандықтар өз қаражатына тұрып жатқанын айтады. Жерлестеріміз әуе компаниясынан елге оралу үшін арнайы ұшақ ұйымдастыруды сұрайды. Ал «FlyArystan» әуе компаниясының өкілдері ресми сұхбат беруден бас тартты. Тек 15, 17 қаңтар күні «Дубай-Ақтау», «Дубай-Шымкент» бағыттары бойынша рейс болатыны туралы хабарлама таратты.

Бұдан бөлек, «Air Astana» әуе компаниясымен ұша алмай қалған жолаушылар да тілшілерімізге шағымданды.

Альбина Базарбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

– Құрметті қазақстандықтар! Біз БАӘ өз еркімізден тыс қалып қойдық. 6,7,8 қаңтар күндері «Air Astana» ұшағымен «Дубай-Алматы» бағытымен ұшуымыз керек еді. Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қалып қойдық. «Air Astana» компаниясы тарапынан ешқандай көмек көрсетіліп жатқан жоқ. Біз билеттерді ауыстыра алмай отырмыз және қиын жағдайға тап болып отырмыз. Біз Президенттен, елімізден бізді алып кетулеріңізді сұраймыз.

Индира Қалиева, Ақтау қаласының тұрғыны:

– «FlyArystan» компаниясы болсын, басқа әуекомпаниясы болсын, осында жүрген адамдарды Қазақстан азаматтарын елге жеткізуге сұраймыз. 1 аптадан көп уақыт өтіп кетті. 1 рейсті орындауға болмай ма? Бюджет жағдайымызға қарай қонақ үйді жалдауға да ақшамыз жоқ. Созуға ешқандаймүмкіндік болмай тұр. 13 қаңтар күні ұшады деген рейстен де соңғы үмітімізді үздік. 14 қаңтар ұшырылуы мүмкін екен. Оның өзі белгісіз.

 

Сондай-ақ...