ҰҚШҰ бітімгерлерінің Алматыға келуі лаңкестердің агрессиясын қайтаруда үлкен рөл атқарды – Қ.Тоқаев

Алматыда Президент төрағалығымен жедел штаб отырысы өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев бүліктен кейін қалада қандай жұмыстар істеліп жатқанын білу үшін арнайы барды.

Қарақшылар қаланың астаң-кестеңін шығарған. Мыңнан аса кәсіпкерлік нысан жарамсыз болып қалды. Әкімдік ғимараттары да бүлінген. Сондықтан ондағы шенділер әкімдікке қарасты ұйымдарға қолқа салып, солардың ғимаратына уақытша жайғасыпты. Отырыста Президент ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан келген бітімгерлердің ертең елден шыға бастайтынын айтты. Содырлар сойқан салғанда көрші елдерден көмек сұрауға мәжбүр болдық деді. Есесіне қосымша күш тартылғанын білген лаңкестер райынан қайтып, кейін шегінді. Қасым-Жомарт Тоқаев қысылтаяң шақта қол ұшын созған мемлекет басшыларына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ертең ҰҚШҰ бірлескен бітімгерлік контингентін елден шығару жұмыстары басталады. Мен тиісті мемлекеттердің басшыларымен сөйлестім. Осы сәтті пайдаланып, осы бірнеше күнде жүргізген ауқымды жұмыстары үшін контингенттің басшылығына алғыс айтамын. ҰҚШҰ бітімгерлік контингентінің Қазақстанға, соның ішінде Алматыға келгені жалпы еліміздегі жағдайды тұрақтандыруда үлкен рөл атқарды.  Бұл әрекеттердің лаңкестер мен содырлардың агрессиясын қайтаруда үлкен психологиялық маңызы болғаны сөзсіз. Миссия өте сәтті өтті. Менің әріптестеріме Ұйымға мүше елдердің басшыларына үлкен алғыс білдіремін.

Президент осы отырыстан кейін бүлік кезінде қаза тапқан әскерилер мен полиция қызметкерлерінің отбасымен кездесті. Қапыда қара жамылған отбасыларға қайғыра көңіл айтты. Қандықолдарға қарсы тұрған есіл ерлерге мемлекетік награда табыстады. Ізін ала, сойқан кезінде жарақат алып, ауруханада жатқан сарбаздарға барды. Олардың тезірек сауығып кетуін тіледі.