Денсаулық сақтау министрі ревакцинация туралы айтты

Жаңадан тағайындалған денсаулық сақтау министрі елде 60 жастан асқан адамдарға ревакцинация үшін Пфайзерді ұсынды. Жалпы кейінгі аптада вакцина салу қарқыны бірнеше есе төмендеп кеткен. Есесіне осы 2 аптада коронавирус жұқтыру дерегі 41 процентке өскен. Індет қай аймақтарда белең алды? 

Кеше барлық министр тағайындалды. Бұл жаңа үкіметтің алғашқы отырысы. Алғашқы отырысқа келген жаңа министр Ажар Ғиният коронавирус қайта өршігенін айтты. Соңғы аптада ауру жұқтырғандар саны Нұр-Сұлтан қаласында шамамен 10 есе, Шымкентте 3,7 есе, ал, Алматыда 2 есе өскен. Қазір ел бойынша 3 мыңнан аса адам емделіп жатыр. Вирус өрши берсе ауруханадағы төсек орындар 50 мыңға дейін көбейтіледі. Қосымша 6 жарым миллион доза вакцина сатып алынады. Жағдай неге ушықты? Елде, нақтырақ айтсақ Алматы мен елордада Омикрон анықталды. Ал бұл аса қауіпті штамм.

ОМИКРОН ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАУІПТІ?

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– «Омикронның» ерекшеліктері – ауру жылдам жұғады, қайта жұқтыру қаупі жоғары. «Омикрон» жоғарғы тыныс алу жолдарында «Дельтаға» қарағанда 70 есе жылдам көбейеді. Ауру жағдайлары 2-3 күнде екі есе өсті. Бұл аурудың жылдам көбеюіне әкеледі. Бұл ретте, алдын ала аралық зерттеулер ревакцинация аурудың ауыр түрлерінен, ауруханаға жатқызудан және өлімнен 75 пайызға дейін қорғайтынын көрсетеді.

Министр екпені үшінші қайтара алу уақыт талабы екенін айтты. Бұдан бөлек Ажар Ғиният ревакцинация үшін егде жастағы адамдарға министр «Пфайзерді» алған дұрыс деді.

МИНИСТР 60 ЖАСТАН АСҚАН АДАМДАРҒА КЕҢЕС БЕРДІ

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

– Халықтың осал тобын қорғау үшін ревакцинациялауға арналған вакциналар саны көбейтілді. Тек балалар мен жүкті әйелдер емес 60 жастан асқан адамдарға ревакцинация үшін Комирнати («Пфайзер») вакцинасы ұсынылады.

ЖАҢА ПРЕМЬЕР-МИНИСТР ҚАНДАЙ ТАПСЫРМА БЕРДІ?

Ал Премьер-Министр үйде медициналық көмек көрсету үшін мобильді бригадалардың жұмысын жандандыру керек деді. Әрі сол бригадаларды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қажет. Дәріханаларда дәрі-дәрмектің тапшылығына жол бермеу керектігін жаңа Үкімет басшысы және тапсырды. Сосын ақ халаттыларға алғыс айтты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

– Біздің негізгі міндетіміз – эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстау. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы бойынша шараларды күшейту қажет. Ел үшін сын сағатта олар зардап шеккендер мен жараланғандарға тәулік бойы көмек көрсетіп жатыр. Дәрігерлер ауруханалар мен жедел жәрдем көліктерін басып алған лаңкестердің агрессиясын бастан кешірді. Құрметті медицина қызметкерлері, сіздерге еңбектеріңіз бен батылдық танытқандарыңыз үшін, кез келген жағдайда халыққа көмек көрсетуге әзірліктеріңіз үшін алғыс айтамыз!

КОРОНАВИРУС ӨРШІП БАРАДЫ

Ел астанасы, Шымкент, Алматы қалалары мен Атырау облысы қызыл аймақта тұр. Ал Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Маңғыстау облыстары «сары аймақта» орналасқан. «Ахуалды оңалтудың екі жолы бар. Бірі – екпе. Кейінгісі сақтық шараларын сақтау» деді министр.

Қорған Қонысбайұлы