Азық-түлік қауіпсіздігі қалай шешіледі?  

Елде алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі түбегейлі шешілуі керек. Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында осылай деді. Үкіметке шаруаларды тұқым, жем-шөп, тыңайтқышпен қамтасыз етуді әрі субсидиялау жүйесін жөнге келтіруді тапсырды. Қазір ауылшаруашылығын қаржылай қолдауда түйткілді мәселе көп. Демеу бәріне бірдей жетпейді. Сондықтан шаруалардың көңілінде күдік-күмән басым. 

Өткен жылы Қостанай облысының агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 43 миллиард тенгеге жуық субсидия және бюджеттік несие бөлінген. «Осы қомақты демеу қаржы қайда кетті?» деген сұрақ көптің көкейін мазалап жүр.

Айдарбек Ходжаназаров, агрохолдинг басшысы:

– Халықтан болып жатқан сұрақтар, неге ана кәсіпкер көп субсидия алады, мына кәсіпкер көп субсидия алмайды. Біріншіден оның себебі мына кәсіпкер өте үлкен инвестициялық жобалар іске асырып жатыр. Мысалға ферма құрады, мысалға элеватор құрады. Үкімет соған көмек беру үшін субсидияландырады. Ал екінші кәсіпкер дым жасамайды. Тек қана егіннен басқа дым жасамайды. Әрине ол басқалаларға қарағанда субсидия азырақ алады.

Электронды субсидиялау жүйесіне де көңілі толмайтындар көп. Техникалық ақаулар, ауылдарда интернеттің әлсіздігі. Сондықтан ақша түскен бетте үлгергендері қағып алады да, қалғандары құр алақан қалады. Тағы бір мәселе, субсидия алуға берілген өтінімдердің заңға сәйкестігін тексеру созбаққа салынады. Регламент бойынша ол екі күннің ішінде шешілуі тиіс, ал бізде бір жарым-екі айға дейін созылады екен. Себебі облыстық ауылшаруашылық басқармасында бұл міндетті атқаратын мамандар жетіспейді. Сондықтан үлгере алмайды.

Нұрсұлтан Қабделов, Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Оны шешу мақсатында біз, ауылшаруашылық бөлімдері, аудандық бөлімдері арқылы субсидиялау ұсынғанбыз. Ол не үшін істедік, ол субсидиялау уақытын төмендету, жәнеде облысымыздың орталығына келмей-ақ өздерінің аудандарында, шаруашылық бөлімдеріне мәселелерді шешуге болады.

Осы тұста мемлекет басшысының субсидия алуды жеңілдетіп, оның қолжетімді болуын және ашықтығын қамтамасыз ету керек деген тапсырмасы ауылдағы ағайынның ұсыныс-пікірімен үндес шығып отыр. Ал соңғы жылда құрғақшылық қысқан аграрлық саланың жағдайы биылда күрделі болуы мүмкін деген Президенттің болжамын ғалымдар да растайды.

Алмабек Нұғыманов, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты:

– Құрғақшылық болуы мүмкін. Сондықтан біз оған дайын болуымыз керек. Осыған дайын болу үшін мысалы қазір қыста не істеуге болады,  ол қар тоқтату. Қазір көбісі істемейді оны. Екінші бағыт ол көктемде ылғал жабу.

Ең бастысы мемлекет басшысы тарапынан тиісті міндеттер қойылды.Енді соны жүзеге асыруға жұмылып жұмыс істеуміз керек, дейді қостанайлық шаруалар.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг