Лаңкестер Алматыдағы ауруханаларды қандай мақсатпен торуылдады

Алматыдағы жаппай бұзақылық кезінде 7-ші аурухананы бүлікшілер 3 күн бойы торуылдаған. Қарулы топ көшелерді жауып, аурухана жұмысына кедергі келтіріп, жедел жәрдем көліктерін кіргізбеген. Тіпті бірнеше рет шабуыл жасамақ болған. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау мекемесінің бас дәрігері Манас Рамазанов айтты. Қазір аурухана қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр.

Алматыдағы 7-аурухана қаланың батыс кіре берісінде орналасқан. Маңынан бірнеше магистральды көше өтеді. Сондай-ақ, дәл жанында жанар-жағармай құятын станция бар. «Бүлікшілер өздеріне қауіп төне қалса, ауруханаға тығылып, ондағыларды кепілге алмақ та болған шығар», – дейді емдеу мекемесінің бас дәрігері. Оның үстіне қаскөйлер жараланған лаңкестерді осында әкелуді көздеген. 

Манас Рамазанов, №7 қалалық аурухананың бас дәрігері:

– Біздің клиниканы заложник ретінде ұстаған ғой. Бес күні бізге самообращение 40-тай науқас жатты. 13 адам қалды. Бәрі жансақтау бөлімінде жатты. 2-3 күні арнайы бөлімшесіне ауыстырылды. Сегізі күні арнайы операция аяқталғаннан кейін спецназ келіп, 13 адамды  алып кетті. 

Бүлік басталған кезде ем алып жатқандардың дені үйлеріне жіберіліпті. Тек дәрігердің қарамағында болуы тиіс науқастар ғана қалған. Ал қаңтардың 5-нен 8-не дейін аурухананың қызметкерлерінің көбі үйлеріне бармай жұмыс істеген. Бірнеше операция жасалған. Көбіне аяқ-қолы сынған, бас-ми және оқ тиіп дене жарақатын алғандар түскен. 

Тәртіпсіздік кезінде осы 7-клиникалық аурухананы бүлікшілер қоршап алған. Олар мұнда ешкімді кіргізбеген және шығармаған. Сол кезде ауруханада 500-ден аса адам болған. Оның 300-ге жуығы науқастар, ал 200-і медицина қызметкерлері. Олар өздерінің басын қауіпке тігіп, келгендердің барлығына бірдей медициналық қызмет көрсеткен.

Неге екені белгісіз медициналық мекемеге оқ атқан. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ. 

Есенай Еспенбетов, жансақтау бөлімінің меңгерушісі

– Алтысы күні түнгі сағат 3:30-да Райымбек көшесі жағынан террористер біздің ауруханаға оқ жаудырды. Соның біреуі терезені шағып, оқ барып қабырғаға тиді. Он шақты рет атты.

Олар ішке кірмек болып әрекеттенген. Дәрігерлер мұнда ковидпен ауырғандар жатыр, деп бетін қайтарыпты. Ек-үш мәрте келіп, спирт, дәрі-дәрмек, тіпті азық-түлік те сұраған. «8 қаңтарда түске қарай аурухана маңында арнайы операция аяқталды. Ол маңда жүрген құқық қорғау органдарының адамдары», – деген хабар келгеннен кейін ғана дәрігерлер сыртқа шыққан. Аурухаға келген шығын көлемі шамамен 1 млн теңге болады дейді мамандар.  

Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарынбаев