Қалталы азаматтар бүлінген нысандарды қалпына келтіруге көмектеседі

Қазақ аспанын торлаған қою-қошқыл түтін бірте-бірте сейіле бастады. Бүлікшілер қиратып кеткен ғимараттар көп ұзамай жөнделеді. Қазір олар шығын көлемін есептеп жатыр. Тіпті кейбір өңірде бүлінген нысандарды қалталы азаматтар өзіміз қалпына келтіріп береміз деп отыр.

Бұлғақ басылып, бұқара ес жия бастады. Алматыға ауыз салғандар Талдықорғанды да тас-талқан еткен еді. Мұнда 120 кәсіпкерлік нысаны қирап қалған. Келген шығын 8 жарым млрд теңгеге жуықтады. Қарақшылар әуелі ломбардтқа, сосын тұрмыстық техника сататын дүкендерге лап қойған.  

Ләззат Шыңғысбаева, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Облысымызда зардап шеккен ірі сауда орталығы әкімшіліктерімен кездестім. Зардап шеккен дүкендер бар, жалға беру ақысын біраз уақытқа алып тастау мәселесін қарастырып жатырмыз. Кәсіпкерлер ғимараттарын өздерінің күштерімен жөнге келтіреміз, мемлекеттен көмек сұрамаймыз, бірақ осы кіші және орта бизнеске көмектесіңіздер деген ұсыныс жасап жатыр.

Шымкенттің де шырайы кетті. Қаланың астаң-кестеңін шығарғандардың біразы қолға түсті. Қазір олар тергеліп жатыр. Ел басына түскен ауыртпалықты бірге еңсереміз деген кәсіпкерлер бір-біріне қол ұшын соза бастады. Он алты кәсіпкер бүлінген ғимараттарды қалпына келтіруге көмектесеміз деп сендіріп отыр.

Рәшкүл Оспанәлиева, құрылыс компаниясының құрылтайшысы:

– Бүлінген ғимараттардың ретке келтірілуіне өзім ат салысамын. Бүкіл кәсіпкерлер ат салысады деген ойдамын. Бүгінгі күні қанша қаржы шығын керек екендігін есептеп жатыр. 

Қарақшылардың Қызылордаға да қырғидай тигенін білеміз. Сауда үйлерін жаппай тонап, дүкендерді тып-типыл еткен. Тіпті, жанармай құятын бекеттерге дейін төңкеріп тастады.

Мәншүк Бүркітбаева, кәсіпкер:

– Штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз. Біздің шығын шамамен 700 мың теңге. Бүлікшілер мұндағы өрт сөндіру балондларына дейін алып кеткен. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген едік. Қазір қайта жұмысқа кірісіп жатырмыз. 

Көп ұзамай өңірлердің өңі кіре бастайды. Президент тапсырмасымен арнайы комиссия құрылған. Солар шығын көлемін есептеп жатыр. Елдегі бүліктен зардап шеккен кәсіпкерлерге мемлекеттен міндетті түрде көмек болады деп уәде берген.