Жаппай бүлік кезінде ұрланған тауарды сатып алғандар жауапкершілікке тартылады

Бұзақылар тонаған дүкендердің ресми өкілдері техниканы «қолдан» сатып алмауға шақырады. Себебі ұрланған мүлік тәркіленіп, қаражат қайтарылмайды. Сондай-ақ оны сатып алған азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылады - дейді мамандар.

Елдегі жаппай бүлік кезінде бұзақылар электроника жабдықтары мен тұрмыстық техника сататын 17 ірі дүкенді тонап қиратқан. Оның 9-ы бүгін жұмысын жандандырды. Қазір зардап шеккен компаниялардың шығын көлемі есептеліп жатыр. Ұрланған мүлікті құқық қорғау органдарының өкілдері тіркеуге алады.

Константин Кулагин, Электроника жабдықтары мен тұрмыстық техника дүкенінің аймақтық директоры:

– Техниканы қолдан сатып алмауыңызды сұраймыз. Себебі ұрланған зат тәркіленІп, қаражат қайтарылмайды. Оған қоса, сатып алушы куәгер ретінде сотқа шақырылады.

Әр телефон,планшет және теледидардың сериялық нөмірі бар. Ол базада тіркеледі. Қылмыстық жолмен алынған техниканы полиция қызметкерлері арнайы қосымша арқылы табады. Платформаның өкілдері ұрланған мүлікті сатқан немесе сатып алған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады-дейді.

Станислав Дубинщик, онлайн хабарландыру платформасының бас директоры:

– Кейінгі күндері дизайнерлік киімге, қымбат техникаға жарнамалар көбейіп кетті. Біздің модераторлар тексеріп, сайтқа өткізбейді. Базадағы деректерді тексеріп, тәртіп сақшылары техниканың ұрланғанына көз жеткізеді. Сосын құрылғыны тіркеуге алады. Іске қосылған кезде сигнал келіп, телефонның орналасқан жері белгілі болады.

Соңғы мәліметтер бойынша, бір жарым мыңнан астам кәсіпкер шығынға батты. Бүліктен бизнеске келген залал 100 миллиард теңгеден асты.

Әнел Еділқызы, Зарина Бейсембина, Жандос Битабаров