Елордада жедел медициналық жәрдемге жүгінулер саны екі есе өсті

Бүгінде елорданың инфекциялық стационарларында 748 адам ем алуда. Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және коронавируспен ауыратындар санының күрт өсуіне байланысты ковидтік төсектер қаланың тағы бірнеше ауруханасына орналастырылды. Бұл туралы онлайн брифингте қаланың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова мәлім етті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Спикердің айтуынша, қазір қаланың инфекциялық стационарларында 748 пациент ем алуда, бұл төсек жүктемесінің 60%-ын құрайды. Реанимацияда 34 адам бар, бұл реанимациялық төсек-орындарды толтырудың 30%-дан астамын құрайды.

«Қолайсыз жағдайға байланысты қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы қаланың тағы 4 ауруханасына жұқпалы төсек орындарын, оның ішінде коронавирусы бар жүкті әйелдерді қабылдауға арналған 150 төсектік акушерлік блокты орналастыруға мәжбүр болды. Қазір қалада 1 240 жұқпалы төсек орны бар. Жүкті әйелдер мен балалар арасында жоғары аурушаңдықты атап өткім келеді. Бүгінгі күні 338 жүкті әйел КВИ-дан ем алуда, оның 215-і стационарда. Коронавируспен ауыратын 126 бала стационарлық жағдайда емделеді», – деді Әлия Рүстемова.

Оның айтуынша, елордада коронавирус ауруының күрт өсуіне азаматтардың көпшілігінің санитарлық талаптарды елемеуі, карантиндік режимді сақтамауы себеп болды.

Мәселен, қазір жедел медициналық көмек қызметі мен МСАК ұйымдарының мобильді бригадаларына үлкен жүктеме түсіп отыр.

«Жедел медициналық жәрдем станциясына жүгінулер саны екі есе өсті, қоңыраулар саны күніне 2 500-ге жетті. Мобильді бригадалар күніне 1000-1200 амбулаторлық емделушінің үйіне барады. Амбулаториялық емді 5 мыңнан астам адам алып жатыр», – деді Ә.Рүстемова.