Еліміздің барлық өңірінде «Альфа банк» бөлімшелері ашылды    

Бүгіннен бастап еліміздің барлық өңіріндегі «Альфа банктің» бөлімшелері жұмыс істейді. Бұл туралы қаржы ұйымының басшысы Андрей Тимченко хабарлады. Азаматтардың қаражаты жоғалмады. Цифрлық қызметтер және картамен төлеу сервисі тез арада іске қосылды.

Елде бір апта бойы орнаған тұрақсыздыққа қарамастан «Альфа банк» мамандары өзінің клиенттерінің ыңғайын табуға барын салды. Интернет желісі шектелгенімен, банк қызметін барынша атқаруға тырысты. Мәселен, заңды және жеке тұлғалар қаржы ұйымының мобильді қосымшасын толыққанды қолдануға мүмкіндік алды. Кейін банктің бөлімшелері де өз қызметіне кірісіп кетті.

Андрей Тимченко, «Альфа банк» АҚ Бас атқарушы директоры

– «Альфа-Банк Қазақстан» бүкіл ел бойынша бөлімшелері мен филиалдарын ашты. цифрлық қызметтер және картамен төлеу сервисі іске қосылды.

Қаңтардың 10-ында тек Алматы қаласындағы өкілдік қана жұмыс істеген жоқ. Бүгіннен бастап шаһардағы Назарбаев даңғылы, Майманов және Шолохов көшелерінің бойында орналасқан бөлімшелер ашық. Бірақ олар әзірге қысқартылған жұмыс тәртібі бойынша істеп тұр. Қалған қалалардағы филиалдар 18.00-ге дейін қызмет көрсетеді. «Альфа банк» мамандары өз банкоматтарының қызметін де тез арада реттеді. Кредиттерін уақытылы төлемегендер үшін жеңілдіктер жасалып отыр.

Мұрат Досмұхамедов, «Альфа Банк» АҚ филиалының директоры:

– Төтенше жағдай режимі енгізілгендіктен, қаңтардың 5-і мен 19-ы аралығында клиенттерге уақытылы төленбеген несиелер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейді.  Сондай-ақ төлем жасамаған Альфа блэк картасының иелеріне қатысты да мұндай шаралар қолданылмайды.

Айта кетерлігі, «Альфа банк» Қазақстандағы ең сенімді қаржы ұйымдарының бірі. Оның халықаралық рейтінгі өте жоғары. Штаб пәтері Люксембург қаласында орналасқан мекеме Қазақстан аумағында өз жұмысын 27 жыл бұрын бастаған.

Оған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінң ресми лицензиясы берілген. Компания алдағы уақытта да азаматтарға сапалы әрі уақытылы қызмет көрсетуге дайын.

Дариға Ташенова, Жандос Сұлтанғазы