LRT-ның тағдыры не болмақ?

Көштен қалмаймыз деп бастаған ЛРТ-ның ендігі тағдыры не болмақ? Келешекте оның пайдасы бола ма? Бір анығы: дәл қазір немесе 10-20 жылдың көлемінде тек миллиардтаған шығын ғана әкеледі. Одан кейінгі табысына да күмән бар. Мұны экономистер де, құрылысшылар да ,әйтеуір ерінбегенінің бәрі ойша есептеп, айтарын кесіп-пішіп айтып та қойды. Жемқорлық десе алдымен осы ЛРТ жобасы еске түсетін болды. Президент «жемқорлықтың исі аңқиды» деген жоба жайында енді ел тағы не деп жатыр? Сәулетшілер не дейді? 

Бұл ел арасында «жемқорлық ескерткіші» аталып кеткен жалпақ жұртқа белгілі ЛРТ. Бас шаһардың қақ ортасында қаңқасы қасқайып тұр. Енді бұл бағандарды қала билігі не істерін білмей дал. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «инфрақұрылымдық жоба үлкен проблемаға айналып, елдің беделіне нұқсан келтіріп отырғанын айтты. Тіпті ол бұл жобадан жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрғанын тілге тиек етіп, тиімді шешім қабылдау қажеттігін тапсырды. Ал осы орайда біз мамандарға хабарласып, ЛРТ-ның ендігі тағдырына қатысты ойларын сұраған едік. Сәулетші Серік Рүстембеков бұл жобаны жалғастыру шығыннан өзге еш пайда әкелмейді деген пікірде. 

Серік Рүстембеков қалалық сәулетшілер одағы филиалының төрағасы:

- Президенттің сөзінен кейін ойландым. Бұны не істеуге болады деп? Мүмкін жабық молдар, галереялар салуға болатын шығар деп ойладым. Бірақ ғимаратқа айналдыруға орыны қолайсыз. Бұны істесек те қосымша шығын болады. Сондықтан ең дұрысы бұларды жою керек.

Бұл жобаға қыруар қаржы жұмсалғаны белгілі. Сырттан қарыз алынды. Президент тапсырмасынан соң әлеуметтік желіде жобаны талқыға салғандар болды. Тіпті кейбір кәсіпкерлер ЛРТ-ны аяқтау үшін қанша қаражат қажеттігін есептеп те қойған. Бизнесмендердің ойынша, әлі 4 млрд долларға жуық қаражат қажет. Тек мұны қала қазынасының қалтасы көтере алмайды деп болжайды. Ал елорда тұрғындары болса, қаражат табылса, жеңіл релсті көлікті көрсек дейді. Енді бірі оны бұзып тасатаса дейді.

БЛИЦ:

- Осы тұрғанда жалғастыруға мүмкіндік болса, әрине жалғастырсын. Болмаса сүріп тастасын. Біздің көзімізге жемқорлықтың белгісі сияқты сүйел болды.

- Бұл тіректер сүйікті қаламыздың сәнін кетіріп тұр. Одан да бұл бағандарды сүріп тастап, көліктердің жолын кеңейткен дұрыс сияқты. 

- Пробкаларды болдырмас үшін жасаған ғой. Соны соңына дейін жеткізсе бәрі жақсы болар еді.

Атышулы құрылыс дауға ұласып, бұған дейін қылмыстық іс қозғалған болатын. Бөлінген қаржыны жымқырды деп күдікке ілінген бірнеше адам шетел асып қашты, біразы қамалды. Айтпағымыз бұл емес. ЛРТ-ның ендігі тағдыры не болмақ? Құрылысы жалғаса ма, әлде сүріле ме? Жергілікті билік әзірге қандай байламға келгені туралы ресми мәлімдеме жасамай отыр. Бәрі уақыт еншісінде.

Айнұр Қуатқызы Ербол Дайыров, Ерлан Наурызбаев