435,10 496,10 5,68
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

QazVac вакцинасын ДСҰ осы кезге дейін мақұлдамай отыр

  • 61
  • UPD: 11:12, 13.01.2022

Коронавирусқа қарсы вакцинаны былтыр елге салдыра алмай жатсақ, енді соған қолымыз жетпей қалды. Депутаттар да осы мәселені қозғап жатыр.

Пандемия алғашқы басталғанда қарапайым бетперде таба алмай қалсақ, енді омикрон жеткенде, халық вакцинасыз қалды. Ал сақтанып екпе салдырамын дегендердің алды тіпті екпе іздеп шетелге шығып кеткен. 

Былтыр қараша айында Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарға "Пфайзер" вакцинасын ақылы негізде салу туралы шешім шығарған болатын. Әлі күнге дейін бұл уәде орындалған жоқ. Бір де бір өңірге "Камернати" екпесі әкелінбеген. Медициналық мекемелерде "Синофарм" компаниясының вакцинасы да жетіспей жатыр.

Ғани Хамзин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің азаматтар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы растаған екпелерге қол жеткізе алмай отыр. Вакцина елге уақытылы жеткізілмегендіктен шетелде білім алатын студенттер оқуына бармады. Ақылы түрде "Пфайзер" екпесін салдырту үшін көбі басқа мемлекеттерге аттануға мәжбүр. Мәседен, Алматы қаласы, Алматы және Түркістан облыстарында тек "Казвак" ғана бар. Қалғаны қашан әкелінетіні белгісіз. Бұл халық үшін көптеген ыңғайсыздық туғызып отыр. 

Көбі екпе салғызу үшін көрші елдерге барады. Кейбір азаматтар денсаулығына байланысты "Пфайзерден" басқа вакцинаны салдырта алмайды. Міне дәл сол топ қазір жұмысқа бара алмай немесе көп ғимаратқа кіре алмай қиналып жүр. Ал жауапты ведомство екпенің қашан жеткізілетінін нақты айтан жоқ, дейді депутаттар. Денсаулық сақтау министрі бұған кеше өткен үкімет отырысында былай деп жауап берді.   

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Халықты вакциналау және қайта вакциналау жалғасады. Ол үшін шамамен 6 жарым миллион доза вакцинаны қосымша сатып алу бойынша шаралар жүргізіліп жатыр. 

Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыс тым баяу жүріп жатыр. Егер отандық "Казвак" екпесі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тарапынан мақұлданса, бұл мәселе өзінен өзі шешілер еді. Дұрысы, елге "Пфайзер" екпесін жеткізуді жеделдетіп, оны "Болашақ" бағдарламасының стипендиаттары мен шетелге шығатын кәсіпкерлерге ақылы негізде салу қажет деп есептейді депутаттар.

Дариға Ташенова, Ескендір Серғазиев

Хабар 24 телеарнасы