Астанада коменданттық сағат режимі жалғасып жатыр

Елордада коменданттық сағат режимі жалғасып жатыр. Қала аумағындағы 6 блок бекетте бүгінге дейін 50 мың автокөлік тексерілді.

Нәтижесінде есірткі құралдарын заңсыз сақтау бойынша 2 факт анықталды. Бекетті кесіп өтпек болғандардың арасында бұрын іздеуде болған қылмыскерлер де бар. Құқық қорғаушылар бірнеше суық қаруды тәркілеген. Ал учаскелік полиция инспекторлары 5 мыңға жуық жалдамалы тұрғын үй мен 400-ден аса хостелді тексерді. Осылайша 1 мың  372 көші-қон заңнамасын бұзу фактісі анықталып, 38 шетелдік азамат елден шығарылды. Төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 318 адам әкімшілік жауапқа тартылды. Оның 30-ы қамалса, 137-сіне айыппұл салынды. Көлікті мас күйде басқарған 10 жүргізуші қамауға алынды.

Қала коменданты қолданыстағы заңнамаға сәйкес, төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілгенін ескертеді.