Ақмола облысында бір тәулікте 138 адамға ковид жұқты

Ақмола облысында да коронавирус күшейді. Өңірде өткен тәулікте 138 адам вирус жұқтырған.

Бұл, осыдан бірнеше күн бұрынғы көрсеткіштен 3 есе көп. Облыс бүгін «сары аймаққа» өтті. Тиісті шектеу шаралары 14 қаңтардан бастап күшіне енеді. Жаңа қаулыдағы ең басты өзгерістердің бірі енді сауда орындарына тек «жасыл» статусы бар тұрғындар ғана кіре алады. Сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік мекемелер, қызметкерлердің 70 процентін қашықтан жұмыс істеуге жіберуі тиіс. «Ashyq» жүйесіне қатыспайтын қоғамдық тамақтандыру орындарының қызмет көрсету уақыты да кешкі сағат 8-ге дейін қысқартылады. Қазір ауруханаларда 200-ден астам науқас ем алып жатыр. Осы айда жедел жәрдемге жүгінген адамдардың да қатары 5 процентке артқан.

Серік Омарханов, облыстың санитар дәрігерінің міндетін атқарушы:

- Біздің облыста «омикрон» штамының клиникалық белгілері бар. Бұны пациенттермен сөйлесу барысында білдік. Олардағы тамақтың жыбырлауы, температура мен басқа да сипаттар оның бар екенінің дәлелі. Оның үстіне біз астананың іргесінде тұрмыз. Екі ортада барыс-келіс көп. Ал аталған штамның нақты бар-жоғын жақында республикалық зертханаға сынамалар жібереміз міне сол кезде білеміз. Вирус күннен күнге күшейіп барады. Бүгін «сары» аймақта тұрғанымызбен ертең «қызыл» аймаққа өтіп кетуіміз де бек мүмкін.