Өндіріс орындарында білікті инженерлер жетіспейді  

Келер жылдан бастап еліміз мемлекеттік жоғары оқу орындарында техникалық мамандықтар үшін білім гранты екі есе көбейеді, деп хабарлайды Хабар 24.

Бұл – мемлекет басшысының тапсырмасы. Бүгінде еліміздің мұнай-газ, тау-кен байыту өнеркәсіптерінде білікті инженерлер жетіспейді. Отандық және бірлескен компаниялар заманауи инженер-техниктерді өздері дайындап алуға мәжбүр. Осы олқылықты ескерген Президент биылдан бастап шетелдік жоғары орындарының филиалдарын елімізде ашуға тапсырма берді.

Соңғы жылдары 3 ірі жоба қолға алынды. Оның көлемдісі Теңіз кен орнындағы келешек кеңею жобасы. Толық іске қосылғанда жылына 37 миллион тонна қара алтын өндіруге қол жеткізеді. Қазақстан соңғы 20 жылда Каспий қайраңына да бұрғы сала бастады. Сондай-ақ Атырауда биыл интеграцияланған газ химиялық кешені іске қосылады. Жылына 500 мың тонна полипропилен өндіреді. Ендігі мәселе – мұнайлы өңірде осындай ірі жобаларда жұмыс істей алатын білікті кадрлық базаны жасақтау. Бүгінде осы заманғы озық технологияға негізделген өндірістерде инженер-техниктер тапшы. Қазір Атыраудағы мұнайшылардың орта жасы 50-ді еңсерген. Енді олардың орнын кәсіби білікті жастар басуы керек. Осы бағытта Атырауда орта буынды мұнайшы мамандарды дайындайтын колледж ашылған еді. Мұнда студенттер мұнай-газ саласындағы маңызды 9 мамандық бойынша білім алып шығады.

Шәкіржан Мырзағалиев, мұнай-газ саласына мамандар әзірлейтін жоғары колледж директорының міндетін атқарушы:

– Сандық технологияға көшуге байланысты сондай мамандықтарға өте сұраныс көп. Осы оқытып жатқан мамандығымыздың бағдарламасына сол сұранысқа сәйкес сол саланың, сол мамандықтың сандық технологиясын оқытамыз балаларға. Білу үшін және барғанда жұмысқа үйрену үшін. Оны біз кәсіпорындармен келісеміз. Қандай бағдарламамен жұмыс жасайды, қандай бағдарламаны игеру керек деген сияқты. Сол бағдарламаны алып келеміз, сосын сол бағдарламаны енгізіп, балаларға береміз.

Бүгінде елдегі алпауыт компаниялардың барлығы цифрлық технологияларды өндіріске енгізді. Аса күрделі процесстер сол арқылы жүзеге асырылады. Осы озық технологияны меңгеру үшін де білікті мамандар қажет. Қазақстан соңғы екі жылда шет елдерден 2 мыңға тарта маман алдырған. Бүгінде Өскемен тау-кен байыту комбинатында жүздеген маманды қайта дайындаудан өткізуге тура келді. Салдарынан қыруар қаржы желге ұшты.

Андрей Лазарев, металлургиялық мекеменің әкімшілік мәселелері жөнідегі атқарушы директоры:

– Мамандар қабылдауда мәселе бар. Мысалы тау-кен байыту комбинатына жұмысқа алу үшін ҚР заңы бойынша жер асты жұмыстарына тек қана ер азаматтарды алуға тиіспіз. Ал бізге келетін жас мамандардың тең жартысы қыз-келіншектер.

Еліміздегі тұрмыстық заттарға арналған полипропилен өндіруші павлодарлық «Нефтехим» компаниясы да білікті мамандарға зәру. Өндірісті кеңейту үшін маман кадрлар жетіспейді. Салдарынан еліміз бойынша 3 мұнайөңдеу зауыты бола тұра, біз әлі күнге полимер өнімдерін сырттан тасымалдап отырмыз.

Рүстем Киреев, Мұнай-химия зауыты директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:

– Сұраныс бар. Бүгінде қазақстандық мамандар жалпы өндіріске керек инженерлердің 10 процентін жаба алады. Сондықтан осы мамандықты игерген жастар көбірек керек.

Маман тапшылығы жөніндегі мәселені қалыпқа келтіру бойынша жауапты министрліктерге тапсырма жүктелді. Биылдан бастап Қазақстанда бөлінетін білім грантының 60 проценті инженер мамандығына беріледі.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Ербол Абишев, Дмитрий Пыхтин