Павлодардағы жаппай тәртіпсіздікке жүздеген адам қатысты

Салдарын жоюға Полиция департаментінің құрамы атсалысып, күн-түн демей қызмет атқарды, деп хабарлайды Хабар 24.

Ертіс өңірінде төтенше жағдай режимі алынып тасталғанмен, құқық қорғау органдары күшейтілген жұмыс кестесіндегі қызметтерін жалғастырады. Облыс орталығында болған жаппай тәртіпсіздікке жүздеген азамат қатысты. Аймақтағы стратегиялық нысандардың барлығы күштік құрылымдардың бақылауында болды. Қабылданған шаралар қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеуге және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталды. Нәтижесінде бірде-бір бейбіт тұрғын зардап шеккен жоқ.

Айта кетейік, қазіргі уақытта рұқсат етілмеген митингке қатысып, бүлік шығарғандарға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

Арна Ризабек, қатардағы жауынгер:

– Ұлттық ұлан сарбазы әрдайым сақадай-сай тұрады. Мысалы, осы уақытқа дейін оқығанымыз, білгеніміз, жиғанымызды осы жерде көрсете білдік деп ойлаймын. Осы уақытқа дейін үйреткеннің бәрін біз шығардық.