Ақтауда 69 адам коменданттық сағат талабын бұзған   

Маңғыстауда коменданттық сағат режимін бұзған 70-ке жуық азаматқа қатысты іс әкімшілік сотқа жолданды, деп хабарлайды Хабар 24.

Олар полиция қызметкерлерінің ескертуін елемей, екінші мәрте тәртіп бұзған. Енді олар 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін. Қазір облыс бойынша түн мезгілінде арнайы рейд ұйымдастырылып, қоғамдық тәртіп сарбаздардың қатаң бақылауына алынды. Өңірде 8 блок бекет бар, оның ішінде Ақтау қаласының кіріс-шығыс жолдарына 5-уі қойылды. Барлық көлік жіті тексеріледі. Жалпы соңғы бір тәулікте көшеде жүрген 81 адам ұсталған, олардың он шақтысын тәртіп сақшылары алғашқы түсіндіру шараларын жүргізіп, үйлеріне босатты. Ал қалғандарына акт толтырылды.

Айта кетейік, өңірдің бас коменданты тұрғындарға, әсіресе, әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратпауға үндеу жасады.

Жанарбек Бақтыбаев, облыс коменданты:

– Полиция қызметкерлері қоғамдық көмекшілермен бірге қалалар мен ауылдардың көшелерін күзетуде. Қазір желі пайдаланушылары арасында ағымдағы жылдың 2-8 қаңтарындағы қайғылы оқиғалар туралы бейнероликтер белсенді түрде тарауда, олардың астындағы жазбалары шындыққа сәйкес келмейді, бұл халық арасындағы әлеуметтік шиеленістің жаңа толқынының пайда болу қаупін тудырады. Жағдайды ушықтырмаңыздар. Төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК 274-бабына сәйкес үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе шектеу түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген.