Түркістан облысында 26 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр

Еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарында халықты жұмыспен қамту - өзекті проблема. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі өткен Мәжіліс отырысында өңірлердің біркелкі дамымай отырғанын сынға алған болатын. Аталған өңірлерде халықтың демографиялық өсімі өте жоғары екенін айтты, деп хабарлайды Хабар 24.

Еламан Қалман жоғары оқу орнын осыдан 3 жыл бұрын филология мамандығы бойынша бітірген. Алайда өз кәсібі бойынша жұмысқа орналаса алмапты. Мектептердің табалдырығын тоздырған ол «қай жерге барсам да жұмыс өтілімді сұрайды. Дипломын қолына енді алған жас маманда қайдағы жұмыс өтілі» дейді күйініп. Бала күннен ебі болғандықтан қазір уақытша жеке бір мекемеде оператор болып жұмыс істейді. Арманы – мұғалім болу.

Еламан Қалман, қала тұрғыны:

– Мен жоғары білімім бола тұра, ресторанда даяшы, құрылысшы болып жұмыс істей алмаймын ғой. Жоғары білімім болғандықта мен кәсібім бойынша жұмыс істеуім керек. Қазір оператормын. Оңтүстік өңірде үлкен кісілер былай тұрсын, мамандығы бар жастардың өзіне жұмыс табу өте қиын.

Әлеуметтанушылар оңтүстіктегі жұмысыздықтың бірнеше себебі бар екенін айтады. Біріншіден, халықтың басым бөлігі мерзімдік ауыл шаруашылығы жұмыстарымен айналысады. Ол қосымша жұмыс орнын ашуға келмейтін отбасылық бизнес. Екіншіден, өңірде елді тұрақты жұмыспен қамтитын ірі өндіріс орындары жоқ. Үшіншіден, жастардың дені техникалық саланы емес, гуманитарлық бағытты таңдайды. Сосын дипломын қолына алып, «жұмыс жоқ» деп сенделетінін айтады.  

Айдарбек Әмірбек, әлеуметтанушы:

– Біздің Түркістан облысында ірі кәсіпорындар өте аз болып тұр. Негізі мемлекет өз қолдауына алып, көптеп ашатын болса, бұл жұмыссыздықты жоюдың бірден-бір себебі болар еді. Екіншіден, жас буын өкілдерінің көбісі кәсіппен айналысып жатыр. Ол кәсіпті аяққа тұрғызу керек, алға жылжыту керек, ал оған тікелей қаржы керек. Мемлекет осы саланы қолға алып, кәсіп ашқан жастарға қаржылай көмек беретін болса нұр үстіне нұр болар еді.

Түркістан облысында 2 млн-нан аса тұрғын бар. Жұмыссыздар саны 40 мың, яғни халық санының 5,1 %-ін құрайды. Бұл әкімдіктің ресми мәліметі. Ал жарты млн халқы бар Солтүстік Қазақстан облысында да жұмыссыздық 5% көлемінде екен. Жері аз, халқы тығыз орналасқан өңірде жыл сайын 60 мың бала дүниеге келеді. Сондықтан өңірдегі жұмыссыздық мәселесін «мемлекеттік деңгейде қарастырып, шешкен дұрыс» дейді мамандар. 

Тұрар Құдайбергенов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Жастар практикасының мерзімін ұлғайту, мемлекеттен төленетін субцидиясын көтеру мақсатында, бұрын жастар практикасы 25 АЕК болатын болса, қазір министрлік, Үкімет тарапынан оны 12 айға 30 АЕК немесе 96 мың теңгеден астам әр азамат алатын болады. Көптеген азаматтар былтыр 200 АЕК көлемінде грант алатын болса, жаңа тапсырмаға сәйкес 400 АЕК көтеріліп отыр. Ол 1 млн 200 мыңнан астам алады. Осыған байланысты жұмыстар жүргізілуде.   

Парламент Мәжілісінің кешегі өткен отырысында еліміздің оңтүстік және батыс өңірлеріндегі жұмыссыздық мәселесін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Соңғы оқиғалар батыс және оңтүстік аймақтарда жұмыспен қамту проблемасы өткір екенін көрсетті. Онда бала туу деңгейі жоғары, ал экономика жұмыс орындарын құрумен қатар жүрмейді. Сондықтан жүйелі индустрияландыру, шағын және орта бизнеске жәрдемдесу, осы салаларда көрсетілетін қызметтер секторын дамыту өңірлік емес, ұлттық басымдық болып табылады.

Президент тапсырмасынан кейін іле-шала Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте индустрияландыру және инвестиция тарту жұмыстары талқыланды. Нәтижесінде 2022-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 26 мың жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. 2,4 трлн теңгенің 169 инвестициялық жобасы нақтыланып, облыстың инвестжобаларының тізбесі бекітілді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш