Алматыдағы бүлік кезінде қанша көлік өртенді

Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде бүлінген 140 автокөлік айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды Хабар 24.

Оның 47-сі өртеніп кеткен. Атыс кезінде оқ тиіп, тоналып иесіз қалған машиналар да осында жеткізіліп жатыр. Арасында қызметтік көліктер де бар. Жедел жәрдем, инкассаторлар мен әскери машиналар да тұр. Мәселен, бүлікшілер өрт сөндіретін 5 автокөлікті түгелдей өртеп жіберген. 13-ін жарамсыз еткен. Ондағы бір құтқарушыға оқ тиіп, жарақат алған. Сондай-ақ 40-тан астам полиция көлігіне залал келген. Олардың бәрі бүлік кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге шыққан. Қақтығыс кезінде бұзақы топ өрт сөндірушілер мен полицейлердің көлігін күшпен тоқтатып, басып алған. Қасақана өрт қойған. Қазіргі осы фактілер бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр.

Айта кетейік, қақтығыс кезінде қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандардың нақты саны әзірге белгісіз.

Бейсеғали Жүнісов, қалалық құтқару қызметінің директоры:

– Прокуратура айналысып жатыр. Қолтаңбасын, бәрін алды. Әзірге  автотұрақта болады. Бәрі анық-қанығына жеткенше, сол жақта болады. 2950 Төле бидің бойынан алдық. Өздеріңіз білесіздер, банкке кіріп кеткен погрузчик те бар. Негізі Төле би мен Назарбаев көшелерінен, алаңнан 32 машина шықты.