434,24 496,10 5,71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Павлодарда үшем өмірге келді

  • 61
  • UPD: 23:10, 13.01.2022
Павлодарда үшем өмірге келді

Елімізде бір перзентке зар болған талай шаңырақ шаттыққа бөленіп жатыр. Бұл Президент тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасының жемісі. Ұзақ жыл бойы сәби сүйе алмаған Павлодарлық отбасында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды Хабар 24.

Перинаталды орталықтың жансақтау бөлімінде жатқан Әсел Тезекбаева аман-есен қол аяғын бауырына алды. Бәрінен бұрын ол тұла бойы тұңғыштарын бауырына басты. 38 жасқа келгенде ана атанған Әселдің қуанышын сөзбен жеткізу қиын.

Әсел Тезекбаева, Павлодар қаласының тұрғыны:

– Жағдайым жақсы. Өз-өзіме келіп жатырмын. Мен шексіз бақыттымын. Жолдасым екеуіміз осы күнді 12 жыл сарыла күттік. 2021 жылы «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатыстық. Нәтижесін көріп тұрсыздар. Екі ұл, бір қыз. Балаларымызға Самир, Эмир, Фатима деп есім бердік. Мен осы перзентхана қызметкерлеріне ерекше ризашылығымды білдіремін.

Үшемді құттықтап, қоңырау шалып жатқандар көп. Оларға алғашқы сыйлықты перзентхана қызметкерлері табыс етті.

Жаңа 2022 жыл басталған қысқа мерзімде Павлодардың перинаталды орталығы екі жүздей әйелді босандырыпты. Үшемдер дүние есігін жүктіліктің 34 аптасында ашып отыр. Салмақтары 2,5 келіге жуықтайды. Ана мен балалардың денсаулығы жіті бақылауда.

Айман Оспанова, облыстық перинаталды орталықтың бас дәрігері:

– Отбасы сәбилі болуды 12 жыл күткен. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша жоспарланды. Бәрі жақсы өтті. Нәрестелерді кесар тілігі арқылы алдық. Ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Сәбилер аналарының көз алдында.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Бұл ата-аналардың ғана емес дәрігерлердің де ортақ қуанышы. Өйткені өткен жылы Павлодар облысында үшем тіркелмеген екен. Қазір ана мен балалар жансақтау бөлімінде жатыр. Көп кешікпей палатаға ауыстырылады дейді мамандар.

Елімізді дүр сілкіндірген соңғы оқиғалардан есеңгіреген жұрт есін жиып, қалыпты өмірге қайта оралды. Павлодар облысында коменданттық сағат алынып, блок бекеттердің жұмысы тоқтады. Күрделі кезеңде үшем туған отбасы медициналық қана емес әлеуметтік қолдауларға да ие болады. Жалпы Павлодар облысында демографиялық өсім байқалады. 2021 жылы 6 мың 64 бала дүниеге келіпті. Өткен жылдармен салыстырғанда 506 балаға өскен.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы