Сарапшы: Әлеуметтік теңдікке жетелейтін шешім керек

Президенттің тапсырмасын орындау – Үкіметтің, жақсы оқу - студенттің, өз кәсібін жүргізу – бизнестің парызы.

Яғни әркім өз ісін адал әрі тиянақты атқарса, Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан жаңа Қазақстанды құру анағұрлым жеңіл болады. Әйтпесе, қазір қоғамда бай мен кедейдің ара жігі алшақтап барады. Елдің тыныштығын бұзған да дәл осы фактор. Мемлекет басшысы әлеуметтік теңдік орнату мәселесін текке айтқан жоқ. Осы сәтті пайдаланып, әлеуметтің әлеуетін арттыратын нақты шешімдер қабылдау қажет. Сонда біз еститін әрі айтылған ойды нақты жүзеге асыратын мемлекетке айналамыз дейді әлеуметтанушы Рамазан Салықжанов.

Рамазан Салықжанов, әлеуметтанушы:

- Біз соңғы 10-15 жылда экономиканың жетістіктерін, төменгі әлеуметтік топты, әлеуметтік тапты орта деңгейге жеткізе алмадық. Байдың образы көпшілікке таралып кетті. Соны қуып, соған жетсек деп кеттік. Көлік керек, үй керек. Өзге құндылықтарды жастарға бере алмадық. Осы тұрғыдан сіз-біз болып, жаңа үлгі ұсынуымыз керек. Оны қалай қалыптастыру керек. Ол үлкен мәселе, үлкен сұрақ.