2021 жылы 17,5 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

2021 жылдың қорытындысы бойынша 17 540 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды «Хабар 24» ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 87,8 мың этникалық қазақ оралды.

2021 жылы Қазақстанға келген қандастардың жартысынан астамы (76,2%) Өзбекстаннан, 9,7% – ҚХР-дан, 6% – Түркіменстаннан, 2,6% – Моңғолиядан және 5,7% – басқа елдерден келген

Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (28,5%), Маңғыстау (19%), Түркістан (13%) және Жамбыл (7,8%) облыстарына, сондай-ақ Шымкент (10,5%) қаласына қоныстанды.

Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 55,2%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 28%-ды және зейнеткерлер 16,8%-ды құрайды.

Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 11,1%-ының жоғары білімі, 40,1%-ының орта кәсіби білімі, 45,6%-ының жалпы орта білімі бар және 3,1%-ының білімі жоқ.