COVID-19: Павлодарда ауруханаға түскендердің саны екі есеге өсті

Бұл аймақта коронавирус жұқтырып, ауруханаға түскендердің саны екі есеге өсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соңғы тәулікте 150 павлодарлықтың ПТР сараптамасы оң нәтиже көрсетті. Осылайша, өңір қызыл аймаққа енді. Сала мамандарының айтуынша, елімізде омикрон штамының тіркелуіне байланысты медицина мекемелерінің дайындығы күшейтілді. Ауруханаларда әзірге 900 төсек-орын жабдықталды. Эпидемиологиялық жағдай күрделенсе, 4 мыңнан асыруға мүмкіндік бар. Халықты иммундау шаралары бәсеңдеген жоқ. Бүгінгі күні облыс тұрғындарының 78 проценті вакцина алды. Ал қаңтар айының соңында ревакциналау науқаны бойынша медициналық препараттардың кезекті партиясы әкелінеді.

Айта кетейік, ТЖ режимі аяқталған соң ПТР зертханалар жұмысын қайта жандандырды. Бір тәулікте 4 мыңнан астам зерттеу жүргізуге мүмкіндік бар. Қазір бір күнде 2 мыңнан астам сараптама зерттеледі.

Ерғалы Асылбек, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Омикрон штамына қатысты денсаулық сақтау басқармасы шаралар жоспары құрылды. Сол жоспарға сәйкес бүгінде медициналық ұйымдардың дайындығы бар. Яғни барлық қажетті ресурстармен қамтылды. Аурушаңдық өскен жағдайда төсек-орындардың қажетті қоры ашылатын болады. Аурушаңдық өсетін кезде біз күрделі сценарийге дайынбыз.