ҰҚШҰ әскерилері өз міндетін тиісті деңгейде атқарды

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше тағы төрт елдің бітімгерлері Қазақстан аумағынан шықты. Ресей, Беларусь, Армения, Тәжікстан, Қырғызстан әскерилері стратегиялық нысандардағы қауіпсіздікті қазақ сарбаздарына тапсырды. 

Бүгін бітімгерлердің елден шығарыла бастағанына екінші күн. Сырттан келген әскери контингент өз міндетін тиісті деңгейде атқарды деп бағаланды. Бұл күндері Ресей Федерациясы, Беларусь, Армения, Тәжікстан мен Қырғызстан әскерилері мінген ұшақтар ұйымдасқан түрде бірінен соң бірі аэродромнан көкке көтерілуде. Олар уақытша күзеткен стратегиялық нысандар отандық сарбаздарға тапсырылды.

Талантбек Калибов, Қырғыз Республикасы бітімгерлік контингентінің командирі:

- Жергілікті халық бізге жылы қабақ танытты. Жақсы тілектерін де аямады, бұған қуанып қалдық. Қырғыз контингенті де бауырлас елге барынша көмек беруге тырысты. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы аясында бұндай бітімгерлік операция алғаш өтті және ол сәтті жүзеге асты деп санаймын. Енді өз үйімізге қызмет ететін тұрақты орнымызға аман-есен жетсек дейміз. Қазақ еліне өркендеу мен бейбітшілік тілеймін.

Мировар Хушбахт, Тәжікстан Қарулы күштері бас штабы басшысының бірінші орынбасары:

- Міндетті түрде салтатанны қарсы алу болады, Тәжікстан аумағындағы әскери контингент, Тәжікстан Республикасының қорғаныс министрі және бүкіл тәжік халқы елде күтіп отыр. Бізге жүктелген міндетті абыроймен атқардық деген мақтанышты күйде, өз отанымызға аттанып жатырмыз.

Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгерлік контингентін әскери операцияда қолданған алғашқы ел. Сәйкесінше әскери қызметшілер де алғаш тәжірибе алғандарын жасырмады. Оның ішінде стратегиялық нысандарды қорғау аса маңызды міндет екенін іс жүзінде көрді.

Тарон Качарян, Армения Республикасы бітімгерлік контингентінің командирі:

- Біріншіден, бітімгерлік операцияға қатысу біз үшін үлкен тәжірибе. Екіншіден, Армения бауырлас елдерге қол ұшын созуға әрдайым дайын. Қазақстан біз үшін солардың бірі. Бұл біз үшін абырой да, міндет те.

Осылайша Ұйымның Бас хатшысы Станислав Зась атап өткендей, бітімгерлік күш жүктелген міндетті абыроймен атқара білді. Ұйымға мүше елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекет тұтастығын сақтауға зор үлес қосты.

Рухани Асқар