Ақтау әуежайын қорғаған әскери бөлімнің жеке құрамына құрмет көрсетілді

Ақтау әуежайын қорғаған №6656 әскери бөлімнің жеке құрамына сый-құрмет көрсетілді. Халықаралық әуежай басшылығы әр сарбазға Алғыс хат тапсырды. Бүлік кезінде көзге түскен түскен қатардағы жауынгер Ерлан Ақберген мемлекеттік наградаға ұсынылды. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен сарбазға қызыл-қоңыр жейде берілді.

Ерлан өзінің әскери борышын ақтап, қырағылық көрсетті.

Ефрейтор Ерлан Ақбергеннің ержүректігі - ұлттық ұланға үлгі. 21 жастағы жігіт бүлік кезінде әскери көлікті әуежай жолындағы бөгеттен дін-аман өткізді. Басынан жарақат алғанына қарамастан жауынгерлерді діттеген жерге жеткізген.

Ерлан Ақберген, қатардағы жауынгер:

- Жаппай бассыздық болған кезде өзім жарақат алдым. Батылдық пен ерліктің белгісі, бұл. Жалпы Ұлттық ұлан жауынгерлері мемлекетке, еліне қорған әрдайым. 

Саптағы жас сарбаздар Ерлан Ақбергеннің қарулас жолдастары. Өткен апта стратегиялық маңызды нысан күзетіне жұмылдырылды. Әрқайсы жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты. Қантөгіске, әуежайды бүлдіруге де жол берілген жоқ. Бүгін әуе айлағының басшылығы жеке құрамға Алғыс хат тапсырды.

Меруерт Жолдыбаева, әуежайдың бас директорының міндетін атқарушы:

- Әуежай қызметкерлері мен жолаушылардың қауіпсіздігін осы жауынгерлер қорғап тұрды. Әртүрлі жағдайға қарамастан бірнеше тәулік күзетте тұрды. Әрқайсы марапатқа лайық. Әуежай ұжымы атынан зор алғысымды айтамын.

Батыр ұлан Ерлан Ақберген мемлекеттік наградаға ұсынылды. Ол келісім-шарт бойынша қызмет ететін әскери бөлім Ақтауда көше тыныштығын күзетеді. Патрульдік жасақ құрамында Ұлттық ұлан сарбаздары, полицейлер мен халық сақшылары да жүр.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев