Шахан кенті 30 жылдан кейін орталық жылу жүйесіне қайта қосылды

Қарағанды облысының Шахан кентінде араға 30 жыл салып, орталықтандырылған жылу қайта беріле бастады. Қазір орталық қазандыққа тұрғындардың 25 проценті қосылып үлгірді. Келер жылы бұл көрсеткіш 100 процентке жетпек.

Еске салсақ, 2017 жылдың қаңтар айында осы кенттегі көп қабатты тұрғын үйдің жертөлесіндегі автономды қазандық жарылып, салдарынан 9 адам қаза тапқан.

7 мыңнан астам халқы бар Шахан кентінің тұрғындары талай жылдан бері жылудың зардабын тартып келген. Бірі көп қабатты үйдегі пәтерге пеш орнатып алса, енді бірі жеке жылу жүйесін орнатуға мәжбүр болған. 

2017 жылғы апаттан кейін араға 5 жыл салып, екі мәрте мердігері ауысып, ақыры биыл пайдаға берілген қазандық жұмысына әзірге халықтың шағымы жоқ.

Александр Кармышев, Шахан кентінің тұрғыны:

- Жұмысын тастап кетіп қалатын пеш жағушыны іздеу, күтпеген жерден жылусыз қалу сынды машақаттан құтылғанымызға қуаныштымыз. Қазір жылу да әлдеқайда жақсы. Бұрын мына қар қап-қара болып жататын. Қазір ол да жақсарған сияқты. Қуанышымызда шек жоқ.

Жылудың жайын әркім өзінше шешкен үйлердің жертөлесінде қазір қайтадан мынадай заманауи құрылғылар орнатылады деп ешкім ойламаған. Кейбір датчиктер тіпті ауа райына сай жылуды өзі реттеп беріп отырады. Мысалы, күн жылы болса жылу аздап беріледі. Сәйкесінше ай сайынғы төлем де аз шығады.

Мұрат Сүлейменов, серіктестік төрағасы:

- Үйдің ішіндегі жылу қазір әрбір пәтерде 27-28 градус. Бір температураны ұстайды ғой, үй жылынып, қабаты бәрі жылыған соң үй суыған жоқ.

Жылу станциясының ерекшелігі сол – кез келген тіпті сапасы нашар көмірмен жана береді. Тәулігіне шамамен 40 тоннандан астам көмір керек. Қазір екі қазандық жұмыс істеп, енді бірі резервте тұр. 30-ға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Бақытжан Мұсабаев, «Шахан» қазандығы және жылу желілерінің учаске бастығы:

- Әр су қазандықтың қуаты 12,5 МВатт. Қазір Шахан кентіне 4,5 МВатт жылу беріп жатырмыз. Подачада бізде 88 градус болса, обраткада 62 градус. Көмір бізде жеткілікті. Қазіргі таңда 400 тоннадай, бір жұмаға жететін қорымыз бар.

Заң бойынша жылу желілері үй маңына дейін келеді. Ал оны үй-үйге жеткізу әркімнің өз мойнында. Мысалы, 5 қабатты үй тұрғындары 60 мың теңгеден шығарыпты. Келер жылы қосылатын үйлерге жергілікті әкімдік «Қазақстандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту орталығы» есебінен жеңілдетілген жолды қарастырып жатыр. Тек ол үшін үйдегі пәтер иелерінің 70% келісім беруі тиіс.

Ғалым Өмірбеков, Шахан кентінің әкімі:

- Халық қосылғысы келіп отыр. Себебі биыл көп үй көршілерін байқап, жылы ма, жылы емес пе деп қарады, басында сенген де жоқ, котельныйдың бітіп, жылу береріне. Сондықтан ойланып қалды. Негізі 2022 жылы халықпен кездесіп жүрмін, қосылуға дайын. 116 үйдің 23-і қосылды, қалған 80 үй биыл 2022 жылы жұмыс істеп қосқызамыз.

Жалпы алғанда өткен жылы 40 нысан орталық жылуға қосылған. Оның 23-і көп қабат үй болса, 11-і мектеп пен бала бақша сынды әлеуметтік нысандар. Қалғаны жеке кәсіп нысандары. Еске салсақ, аталған жобаға ел қазынасынан 2 млрд теңге бөлінген болатын.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев