Алматыда полиция департаментіне 27 рет шабуыл жасалған

Бесінші қаңтар күні лаңкестер Алматыдағы полиция департаментіне 27 рет шабуыл жасаған. Арнайы дайындықпен келген қарақшылардың негізгі жоспары полиция бөлімшелерін басып алып, қару-жарақты қолды қылу болған. Тіпті қарсы беттегі тұрғын үйдің шатырынан снайперлер оқ атқан. Дәл осы шабуыл кезінде 27 қарақшының көзі жойылып, жарақат алғандарын өздері алып кеткен. 

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Біздер қазір 5 қаңтар күні қантөгіс болған Алматы қалалық полиция департаментінің маңында тұрмыз. Көріп отырғандарыңыздай, бұл жерде әлі де күзет күшті. Яғни Қорғаныс министрлігінің әскери техникалары күзетте тұр. Дәл осы күзет 19 қаңтарға дейін жалғасады дейді мамандар.

Алматыда төртінші қаңтарда басталған бейбіт митингтің соңы қақтығысқа ұласады. Бесінші қаңтарда кешкі сегізге таман лаңкестер шабуылға шығып полиция департаментін басып алмақшы болады.

Қару-жарақ сақталған үш бірдей ғимаратты күзету үшін "Қамал" жоспары құрылады. Қорғанысқа 100-ге жуық полиция қызметкері жұмылдырылып, таңғы сағат 5-ке дейін лаңкестермен арпалысқан. Қарақшылардың бірі сол маңдағы бейнебақылау камераларын сындырумен айналысса, енді бірі көшедегі топқа қару-жарақ таратыпты. Ал тағы бірі ауыр техникамен қақпаны бұзып өтпекші болған. Тіпті қарсы беттегі тұрғын үйдің шатырынан снайперлер оқ атқан. Дәл осы шабуыл кезінде 27 қарақшының көзі жойылып, жарақат алғандарын өздері алып кеткен.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Қазіргі таңда ведомствоаралық арнайы тергеу тобы құрылды. Оның басы-қасында еліміздің Бас прокуратурасы. Осы болған іс-әрекеттердің қалай жасалынып, кімге бағытталғанын барлығын тергеу барысында міндетті түрде анықтайтын боламыз және сол шабуыл жасаған тұлғалардың кім екенін, міндетті түрде ашып айтатын боламыз.

Полиция департаментінің  ғимаратына әр тұстан шабуылдағандар қарапайым адамдар емес, арнайы дайындықтан өткен лаңкестер. Олардың түпкі мақсаты қару-жарақты алып, қаланы басып алу екені түсінікті болды дейді полиция өкілдері. Жалпы Алматы бойынша 185 полиция қызметкері жарақат алған. Үшеуі қаза тапты. Тағы екі тәртіп сақшысы ауыр халде реанимацияда жатыр. Із-түзсіз жоғалған адамдар туралы полицияға әлі де хабарласушылар көп екен.

Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:

- Төртінші қаңтардан бері Алматы қаласының полиция басқармаларына адамдардың із-түзсіз жоғалғаны жайлы 22 ресми арыз түсті. 15 адам табылып, тағы жетеуін іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Қазір Алматыда терроризмге қарсы операция әлі де жалғасып жатыр. Сол себепті полиция комменданттық сағат талаптарын естен шығармауды ескертеді.

Жандос Айтбайұлы