433,90 496,10 5,72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

ТЖ кезінде теміржол вокзалдары күшейтілген тәртіпке көшті

  • 49
  • UPD: 23:47, 14.01.2022
ТЖ кезінде теміржол вокзалдары күшейтілген тәртіпке көшті

Еліміздегі төтенше жағдай кезінде теміржол саласы қызметкерлерінің де жұмысы еселене түсті. Қосымша билет кассалары жұмыс істеді. Ұлттық тасымалдау компаниясы қосымша жолаушылар пойыздарын іске қосты. Ал теміржол вокзалдары күшейтілген тәртіпке көшті. Қазір жағдай тұрақталып, пойыздардың қозғалысы қалпына келтірілді.

Алматы вокзалының қызметкері Бекболат Ақпанов келеңсіздік басталған күннен бастап, мұндағы жұмысшылардың уақытпен санаспай жұмыс істегенін айтады. Кассирден бастап, техникалық қызметкерлерге дейін күшейтілген тәртіпте еңбек еткен.

Бекболат Ақпанов, АЛМАТЫ-2 вокзалының бастығы:

- Жұмысшылардың бәрін жинап, сабырға шақырып осы жағдай бойынша күшейтілген түрде жұмыс істейтінімізді айттым. Жұмысшылар өз қызметін мінсіз атқарды. Жолаушыларға қажетті хабарламалар берілді. Пойыздар уақытылы жүрді. Жұмысшылар осы жерде отырып жұмысын істеді.

Ал тәулік бойы жұмыс істеген темір жол қызметкерлеріне барлық жағдай жасалды. Демалатын орындар қарастырылып, уақытылы тамақ жеткізіліп тұрды.

Тәртіпсіздік салдарынан 6 қаңтарда 25 жолаушы пойызы бірден тоқтады. Жүздеген адам станцияларда қалуға мәжбүр болды. Теміржолшылардың айтуынша, сол кезде жергілікті тұрғындар қол ұшын созып, тамақ жеткізіп тұрған. Ал келесі күні пойыздардың қозғалысы толығымен қалпына келтірілді. 

Бауыржан Медралы, "Нұрлы жол" вокзал кешені бастығының кезекші көмекшісі:

- Сұраныстың артуына байланысты ұлттық тасымалдаушы қосымша жолаушылар пойыздарын іске қосты. Сол себепті билеттің жоқтығын көрмедік. Төтенше жағдай кезінде қатынайтын жолаушылар пойыздарына пайданылмаған жол жүрі құжаттары үшін жолаушылар мерзіміне қарамастан пойыз жүрген күннен бастап 6 ай ішінде билет құнын толық қайтара алады.

Елдегі келеңсіздікке қарамастан теміржол вокзалдарында билет кассалары тоқтаусыз жұмыс істеді. Ал 8 қаңтардан бастап түрлі бағытқа Алматыдан қосымша 16 пойыз шығарылды. Қазір жағдай тұрақталып, пойыздар қозғалысы қалпына келтірілді. Жолаушылар кесте бойынша жүріп жатыр.

Айнұр Қуатқызы

Хабар 24 телеарнасы