Қарағанды облысында такси қызметінің бағасы тұрақталды

Елде соңғы уақытта такси қызметінің бағасына қатысты шағым көп, деп хабарлайды Хабар 24.

Еш жерде шекті бағасы қойылмайтын бұл қызметтің ақысын әркім өзі белгілеп жүргені рас. Кей тұрғындар жанармай бағасы реттеліп, газ екі есе арзандаса да, такси қызметінің әлі де қымбаттап тұрғанына наразы.

Дегенмен Шахан кентінің таксопарктері бірлесіп, қызмет құнын 250 теңге көлемінде ұстап тұруға уағдаласты. Жергілікті билік осындай ұсыныс жасаған екен. Мұны таксопарктер құптап, бағаны кемі жарты жыл ұстап тұруға ықылас білдіріп отыр.

Сергей Сабадаш, такси қызметінің диспечері:

– Пандемияға дейін күніне 150 шақырту түсетін кейін азайып қалғаны рас. Қазір елдегі жағдай салдарынан бағаны ұстап тұруға уағдаластық. Бірақ 250 теңгеден арзан ету мүмкін емес, себебі көлікті жөндеу керек, құятын бензинің бар дегендей. Сондықтан ең тиімді баға осы деп шештік.