456,05 484,00 8,64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Түркістан көшелері көне маркалы «Жигулиге» толы

  • 173
  • UPD: 12:30, 15.01.2022

Түркістан – ежелден келе жатқан жаһанға мәшһүр қала. Орталық Азиядағы ең көне шаһар әрі түркі әлемінің рухани астанасы. Сонымен қатар бұл қаланы жергілікті жұрт «Жигулилер» қаласы деп те атайды екен. Өйткені кез келген көшеден ескі маркалы осы көлікті көруге болады, деп хабарлайды Хабар 24.

Түркістанда «Жигулидің» көптігі сонша, шаһардың кез келген көшесінен кездестіруге болады. Барлық үлгісі мен түрлері бар. Мәселен, қала тұрғындары ВАЗ 21-дің бестігі мен алтылығын және жетілік маркасын да мініп алған. Бір қарағанда, өзге темір тұлпар мұндағыларды қызықтырмайтын сияқты болып көрінеді.

– Енді адам жағдайына қарайды ғой. Білмеймін менің жаңа машинаға жағдайым жоқ.

– Жигули көп болса Түркістанда халықтың жағдайына, қалтасына байланысты емес пе? Халықтың жағдайы жақсы болып тұрса, жақсы машина неге мінбеске? Барын мінеді ғой.

Ал Түркістандық тұрғындардың бірі – Әділбек Шалтаевтың пікірі мүлде басқа. Ол көп жылдан бері ескі жигулиді тізгіндеп келеді. ВАЗ-дың 1983 жылы шығарылған үлгісін алмастырып, жаңалағысы  да келмейді. Себебі темір тұлпары көңілінен шығып-ақ тұр. Ешқашан жолда қалдырмаған. Керісінше, қосалқы бөлшектерінің бағасы әлдеқайда арзан, – дейді.

Әділбек Шалтаев, жүргізуші:

– Жұмысыма жарап тұр, бізге шаруашылыққа ғой. Ыңғайлы, тиімді бір жағынан. Запчаст та қымбат емес. Иномарка миллионнан асады. Өзі жаңа да емес, ескі. Ал бұл совет заманынан болғасын ба, сүйегі де мықты.

Түркістандағы кеңестік заманда шыққан көліктердің санын ешкім дөп басып айта алмайды. Полиция тіркеуге алғанымен, бұл санның нақты еместігі анық. Өйткені түркістандық «Жигулилердің» көпшілігі Ресейлік нөмірмен жүреді. Қазақстанда ресми тіркелмеген.

Алмасхан Тастанбеков, облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының басшысы

– Түркістан облысында қазіргі таңда 428 мыңнан астам көлік тіркелген. Соның біз сараптама жүргізген кезде 59 мыңнан астамы 2000 жылға дейінгі көліктер. Яғни 20 жылдан асқан көліктер болып есептеледі. Соның ішінде 13 мыңдайы Кеңестің кезінде шығарылған ВАЗ көліктері.

Ескі көліктерден қоршаған ортаға шығатын зиянды қалдықтардың үлесі мол. Сондықтан экологтар адам денсаулығы мен қаланың экологиялық жағдайына алаңдаулы. Будақтаған түтіннен келетін қауіпті жою үшін өңірде жасыл белдеу құрылған.

Абибулла Қоңырбаев, облыстық экология департаментінің экологы:

– Ал Ресейден келіп жатқан жигулилар 20-30 аралағында жұмыс жасаған катализаторларының бәрі жанып кеткен. Олардың ешқайсысында катализатор жоқ. Яғни ең көп зиянды заттар шығаратын осы автомобильдердің ішіндегі бензинмен жүретін машиналардың ішінде осы жигули.

Мамандар Түркістанның автопаркі міндетті түрде жаңартылады,– дейді. Бірақ бұл алдағы уақыттың еншісінде. Қазір өңірде ескі көліктерді қабылдайтын орын қарастырылып жатыр. Келесі жылдан бастап іске қосылады. Пайдаланудан шыққан көлік 165 мыңнан бастап 606 мың теңгеге дейін бағаланады. Яғни темір тұлпардың түрі мен жағдайына байланысты болмақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Рауль Габитов, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы