415,12 450,91 7,40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Әскери қызметшілердің 23 мыңнан астамы COVID-19 қарсы қайта вакцина салдырды

  • 89
  • UPD: 18:22, 15.01.2022
Әскери қызметшілердің 23 мыңнан астамы COVID-19 қарсы қайта вакцина салдырды

Мемлекет басшысының халыққа ревакцинация науқанын жүргізу жөніндегі тапсырмасы аясында Қазақстанның Қарулы Күштерінде жеке құрамды COVID-19-ға қарсы қайта вакцинациялау жалғасуда. Бүгінгі таңда бұл процедурадан 23 мыңнан астам әскери және азаматтық персонал өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

2022 жылғы 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде коронавирус сырқатының күрт өскенін атап өткен болатын.

– Мемлекет басшысы коронавируспен күресті жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар бұл маңызды міндеттердің бірі. Жеке құрам күнделікті қызметте. Бізге әскери қызметшілердің денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды, – деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Мұхамеджан Таласов.

Әскери дәрігерлердің айтуынша, вакцинация курсынан өту және уақтылы өткен ревакцинация – инфекциядан өзіңді қорғаудың сенімді тәсілі. Қорғаныс министрлігінің әскери емханалары мен тіркелген жеріндегі азаматтық емдеу мекемелерінде, сондай-ақ әскери және азаматтық емдеу мекемелерінің көшпелі егу бригадаларының күштерімен COVID-19 ревакцинациясы ұйымдастырылды.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз етуге жұмылдырылған әскери қызметшілер орналасқан жерде медициналық қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Әскери дәрігерлер жеке құрамның денсаулық жағдайын қадағалауда.

 

 

Хабар 24 телеарнасы