Шығыс Қазақстан облысының Курчатов қаласындағы қаңырап бос тұрған көп қабатты үйлерді қалпына келтіру үшін жылу электр станциясы қажет. Семей ядролық полигонының орталығы болған шағын шаҺарда осындай оннан астам ескі үй бар. Көмірмен жұмыс істейтін 4 қазандықтың күші жаңадан қосылатын нысандарға жетпейді.
Қырық жыл бойы аумағында ядролық сынақтар жүргізілген Курчатов бұл күнде қатты өзгерген. Қалада 12 мыңнан астам тұрғын болса, соның тең жартысы бюджеттік мекемелерде жұмыс істейді. Мұндағы жұмыссыздық көрсеткіші небәрі 4,7 процент. Соңғы жылдары саябақ, балабақшалар салынып, ескі ғимараттар қайта жөндеуден өтіп, Курчатов әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан белсенді дамып келеді. Дегенмен, қалада қайта жөндеуді қажет ететін ғимараттар әлі де аз емес. Александр Кононов 40 жылдан бері қаңырап бос тұрған көпқабатты үйлер орналасқан мына көшенің бойымен күнде жүріп өтеді. «Онда тұрғындар қайта қоныстанса, тіптен тамаша болар еді» дейді ол.
Александр Кононов, Курчатов қаласының тұрғыны:
– Ескі үйлерді қайта қалпына келтірген жөн деп ойлаймын. Өйткені қаламызда пәтерге мұқтаж адамдар аз емес. Көбі жалдап тұрады.
Виталий Сенченков, Курчатов қаласының тұрғыны:
– Заманында бұл үйлер өте жақсы күйде еді. Әкімдікке қарай ма, қарамай ма, ол жағы маған беймәлім. Жылдан жылға бұзылып, тоналып жатыр. Әрине, бұл үйлерді қайтадан жөндеу керек.
Ескі үйлерді қайта қалпына келтіру үшін қалаға жылу электр орталығы қажет. Көмірмен жұмыс істейтін 4 қазандықтың оған шамасы жетпейді.
Айдын Нұрланов, коммуналдық кәсіпорынның техникалық директоры:
– Қазір жоспарда қалаға үлкен ТЭЦ салу ойластырылған. Түрік елінің азаматтары келіп, көріп кетті. Күштілігі 36,6 гигакалория сағатына. Бұл сұрақ әлі жұмыс барысында.
Қаладағы 4 қазандық 76 үй мен 45 әкімшілік ғимаратты жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жаңа жылу электр орталығын салу жобасы бұған дейін де әзірленген еді. Оның құны 6 миллиард теңгеге бағаланған. Дегенмен салалық министрлік аталған жобаны қолдамады.
Алексей Глазинский, Курчатов қаласының әкімі:
– Бұл мәселені шешіп жатырмыз. Түрік компаниясы жобалық-сметалық құжаттаманы өздері әзірлеуі де мүмкін. Біз оларға сондай ұсынысымыз бар екенін айттық. Алғашқы тоқсанда нақты шешім қабылданады деген үміттеміз.
Курчатовта бос тұрған 10 көп қабатты үй болса, соның жетеуі жекеменшікте. «Бір үйді қалпына келтіру үшін шамамен 260 млн. теңгедей қаржы қажет», - дейді әкімдіктегілер. Бұл шаһарда қазір 365 тұрғын пәтер кезегінде тұр.
Ардақ Айбарұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов