Мал өсірсең, қой өсір...

«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір». Солтүстік қазақстандық азамат Евгений Лебедько асыл тұқымды қойлардың бірнеше түрін бордақылайды. Бұл оның хоббиі. Енді болашақта оларды будандастырып, жаңа төл алмақ ниетте. 

Солтүстік Қазақстандық Евгений Лебедьконың қолындағы қозы екі айдан енді ғана асты. Қазірдің өзінде оның салмағы 30 келідей. Ал өскен кезде бір центнерден артық болады дейді азамат. Катум тұқымының өсімталдығы сонша, жылына екі мәрте төлдейді.

Евгений Лебедько, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Бұл қойлардың еті -диетикалық болып келеді. Өйткені қанша бордақыласаңда май болмайды. Тағы бір ерекшелігі еш иісі жоқ. Әрі жүнінде қырқып әуре болмайсың. Себебі күз-көктемде түлейді. Және бұлар егізден қоздайды.

Евгенийдің негізгі мамандығы – энергетик. Ал асыл тұқымды қой өсіру оның хоббиі. Қазір қорасында катумнан бөлек гиссар және еділбай қойлары бар. Үш жылда мал басын 150-ден асырды. Енді осы үшеуін будандастырып, жаңадан төл алмақ.

Евгений Лебедько, Петропавл қаласының тұрғыны:

– Аталған тұқымды потенттеуге қомақты қаражат қажет. Және оны тіркеу үшін шаруашылықта он мың бас қой болуы керек екен. Сондықтан, жоспарымыз айқын. Оның үстіне үшеуінен алынған тұқым біздегі қатал табиғатқа тез бейімделетін болады. Оны «Қызылжар» деп атасам деген ойым бар.

Азамат қойдан бөлек асыл тұқымды ешкілерді де ұстайды. «Ең бастысы олардың күтімімен жем шөбі дұрыс болуы тиіс»- дейді Евгений. Сондықтан түліктерге кейде тәтті де береді.

Жалпы қой шаруашылығы өңірде енді жандана бастады. Тіпті арнайы бағдарлама қабылданды. Осылайша алдағы он жылда қой басын бір жарым миллионнан асыру міндеті тұр.

Мейрам Меңдібаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– 2021 жылы облыс шаруашылықтарымен 13мыңнан астам қой әкелінді. Үш шаруашылық Қарағанды және Батыс қазақстан облыстарынан бес мыңнан астам асыл тұқымды әкеліп Жамбыл және Тайынша аудандарында үш асыл тұқымды репродуктор құрылды. Бұл жобаларды іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. 

«Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл көсір», – дейді. Сондықтан оның тиімді екенін түсінгендер осы кәсіппен айналыспақ ниетте.

Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев