Алматыда жаппай тәртіпсіздік кезінде сауда үйін тонаған атыраулық ұсталды

Алматы полициясы ұрланған техниканы сатпақ болған атыраулықты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Күдіктіні Наурызбай аудандық Полиция басқармасының жедел уәкілдері анықтады. 22 жастағы Т.есімді азамат Тимирязев көшесіндегі «Белый ветер» дүкенін тонау нәтижесінде ұрланған техниканы сатуға қойды. Қаскөй өзінің уақытша тұрғылықты жерінде ұсталды.

Оның үйінен жеті ноутбук, 12 ұялы телефон, үш флеш-карта, екі колонка, екі жұп құлаққап, ұялы телефонға арналған аксессуарлар, көзілдіріктің жиектері табылды және тәркіленді. Жауап алу барысында күдікті жоғарыда аталған заттарды жаппай тәртіпсіздік кезінде техника дүкенінен ұрлағанын мойындады.

Қылмыстық іс ары қарай тергеу үшін аумағы бойынша Бостандық аудандық Полиция басқармасына берілді. Қылмыстың сыбайластары анықталуда.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.