Полиция қызметкерлеріне «Патруль» сериалының кейіпкерлері қолдау білдірді

Полиция қызметкерлеріне «Патруль» сериалының кейіпкерлері келді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Белгілі болғандай, кеше тәртіп сақшыларының біріне күрделі ота жасалған. Қылмыскерлер жүк көлігімен оның екі аяғын қасақана басып өткен.

– Ішкі істер министрлігі басшылығының, Алматы қалалық ПД басшылығының, жеке құрамының атынан, барша қазақстандықтардың атынан біз бүгін жаппай тәртіпсіздікті ауыздықтау кезінде зардап шеккен әріптестерімізге барып, олардың денсаулықтарын білдік. Олардың тез сауығып кетуіне және азаматтардың қауіпсіздігі мен елдегі тұрақтылық үшін жақын арада қызметке кірісулеріне тілектеспіз, – деді Алматы қалалық ПД бастығының орынбасары Айдын Қабдулдинов.

– Жағдай өте қиын. Азаматтарға, олардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төнді. Полиция қызметкерлері мен әскери қызметкерлерге өз өмірі мен денсаулықтарын қауіпке тіге отырып, осы қылмыстық әрекеттерді тоқтатқаны үшін алғыс айтамыз. Біз де бей-жай қарамаймыз, қаланы қорғағаны үшін полиция қызметкерлеріне қолдау білдіреміз, – деді актерлер Медет Аманбаев пен Мейірхан Шерниязов.

Сонымен қатар, вайнерлер қылмыскерлердің шабуылынан зардап шеккен өз жазылушыларының біріне кіріп шықты. Абырой болғанда, қазір қыздың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, оның жағдайы түзелді.