476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ұлттық ұлан ел тыныштығын күзетіп тұр

  • 147
  • UPD: 09:06, 16.01.2022

Ұлттық ұлан ел тыныштығын күзетіп тұр. Қыстың көзі қырауда сарбаздарға оңай тимесі анық. Ал қазіргідей төтенше жағдай режимінде әр басқан қадам тіптен маңызды.

Осы кезде әскерилер елордадағы қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін абыроймен атқарып келеді. Олар бас шаһардағы стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетіп тұр.

Бұл кешенді байланыс құрылғысы жаудың өзара алмасатын жасырын сигналын үзіп отыруға арналған. Әсіресе жаппай бүлік кезінде таптырмас құрал. Күрделі жағдайда Ұлттық ұланның жеке құрамы басқа да күш-құрылымдарымен бірге елімізде болған тәртіпсіздіктің алғашқы күнінен бастап босаңсыған емес. Құқықтық тәртіпті орнату арқылы елдің конституциялық құрылымы мен бостандығын ержүректілікпен қорғап келеді.

Мейіржан Дүйсенәлі, Ұлттық ұланның Теміртаудағы әскери бөлімінің взвод командирі:

- Бесінші қаңтардан бастап, Нұр-Сұлтан қаласында жағдай қиын болатын басында. Одан кейін қазіргі жағдайда жеңілдеді. Өздеріңіз білесіздер, Нұр-Сұлтан қаласында қазір төтенше жағдай жарияланған. Коменданттық уақыт. Сол себепті күнделікті біз осы қалалық әкімшілік ғимаратын күзету бойынша қызмет атқарамыз. 13 қаңтардан бастап қала ішінде қоғамдық тәртіп сақтау бойынша қызмет атқарып келеміз.

Ұлттық ұлан күзетке алған маңызды нысандардың бірі Бәйтерек монументі. Жігіттер 2 ауысыммен таңғы сағат 11-ден бастап кешкі 5-ке дейін және кешкі сағат 5-тен түнгі 11-ге дейін осында. Жатын орын, ыстық тамақ пен биотуалет сияқты жағдайлар қарастырылған. Өтіп бара жатып өзінің ризашылығын білдіретін тұрғындар көп дейді, сарбаздар.

Дамир Қасымов, 5510 әскери бөлім командирінің орынбасары:

- Патрульдеу жұмыстары Есіл, Сарыарқа, Алматы және Байқоңыр аудандарында жүргізіліп жатыр. Сарбаздардан бастап офицерлерге дейін берілген бұйрық пен тапсырманы бұлжытпай орындап келеміз. Бүлік басталған кезде мұндағы ахуал еліміздің батысы мен оңтүстігіндей болмаған шығар бәлкім. Бірақ қатер айтып келмейтінін білгендіктен әрдайым жауынгерлік әзірлікті естен шығарған жоқпыз. Осынау іске жұмылған әр әскери адам мадақталатын болады. Бәріне күрең түсті жолақ жейде табысталады.

Еске сала кеткен жөн, елде болған бүлік салдарынан Ұлттық ұланның 370-тен астам әскери қызметкері түрлі деңгейде жарақат алды. Өкінішке орай, адам шығыны бар. Бұзақы топпен болған шайқаста екі мерзімді әскери қызметкер ерлікпен қаза тапты. Осы арқылы ұландықтар Қазақстан халқының алдында Ант пен міндетке деген адалдығын көрсетті. 

Мирлан Алтынбек, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы