476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Ақтөбе облысында үш мыңға жуық жоба қолдау тапты

  • 147
  • UPD: 21:32, 16.01.2022

Өңірде кәсіп ашып, бизнеске бет бұрғандар қатары артып келеді. Аймақта жыл басынан бері бес мыңнан астам жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, деп хабарлайды Хабар 24.

Жергілікті атқарушы билік өкілдерінің айтуынша, бұл үрдіске мемлекеттік бағдарламалардың қолдауы сеп болған. Мәселен «Бизнестің жол картасы» жобасы аясында 47 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінді. Соңғы жылдары Ақтөбеде жеңіл өнеркәсіп саласының дамуы қарқынды. Түрлі тігін цехтері бұрын тек көрпе-жастық пен перде тігуден аспаса, жақында өңірде киім-кешек шығаратын фабрика іске қосылды. 60-тан астам жұмысшысы бар бұл өндіріс орны жылына 10 мың дана киім тігеді.

Әлімжан Жалбаторов, тігін фабрикасының директоры:

– Елімізде импорттық тауарды алмастыруға бағытталған үрдістің белең алғанын байқап, тігін фабрикасын ашуды ұйғардық. Бұл ұмыт қалған дәстүрді қайта жаңғырту деп айта аламын. Себебі қазір отандық өнімге сұраныс жоғары.

Шекара асып жететін импорттық тауармен бәсекеге түсуге жергілікті бизнес өкілдеріне пандемия да себеп болған. Дегенмен дер кезінде көрсетілген мемлекеттік қолдау да көп мүмкіндік берді. Себебі қажетті құрал-жабдықтарын сатып алуға 60 миллион теңге қаржыны тігін фабрикасы «Бизнестің жол картасы» бардарламасы аясында рәсімдеген. Жалпы бұл жоба 2021 жылы 3 мыңға жуық кәсіптік жоспарға қолдау болды.

Айбек Айтжанов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:

– «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде үш мыңға жуық кәсіпкерге 47 миллиард теңгеге қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 есеге артық. Бағдарлама іске қосылғаннан бастап тек қана осы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлер тарапынан бюджетке 111,9 млрд теңге салық түсіп, 2 трлн теңге өнім шығарылған.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасына иек артқандар саны 2020 жылмен салыстырғанда, екі есе артып отыр. Ал 2019 жылы тек 430 жоба ғана бекітілген еді. Қазір өңірде 75 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген.

Авторы: Мансұр Есқожин

Хабар 24 телеарнасы