Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары басталып кетті

Өзге өңірлерде қыс қаһарына мініп тұрғанда, Түркістан облысы Жетісай ауданының шаруалары қырыққабат егуді бастады. Биыл аудан диқандары мың гектар алқапқа көшет егуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Хабар 24.

Қазір Жетісай ауданына қарасты Атамекен, Ералиев ауылдық округтерінде көктемгі дала жұмыстары қызып жатыр. Диқандар ауа-райының қолайлылығын сәтті пайдаланып, қырыққабат көшетін отырғызуда. Суыққа төзімді бақша дақылын егуге жергілікті тұрғындар жұмылдырылды. Олар мұнда еткен еңбегіне қарай күніне 3500 теңгеден ақыларын алады.

Базарова Дильфуза, Атамекен ауылының тұрғыны:

– Бір үйден 4-5 адам шықса бағады бір отбасын. Жылда осындай диқаншылықпен айналысатын кісілерде жұмыс істейміз. 7 жыл болды істеп жатқаныма. Зейнетақы, жәрдемақы алмайтын кісілер бар, осы диқаншылықтың арқасында күн көреміз. Капуста егеміз, қауын егеміз, өзіміз пісіріп, өзіміз көлікке артып жібереміз.

Жергілікті шаруа Сапаралы Үсенов жылда осы жерді жалға алып, қырыққабат егеді. Алдымен қараша айынан бастап, жылыжайға ерте пісетін қырыққабат тұқымын себеді. Қаңтар айынан бастап дайын көшетті алқап басына отырғызады. Қазірге дейін шаруалар 5 гектар жерге қырыққабат көшетін егіп үлгерген.

 Сапаралы Үсенов, шаруа:

– Сол әйтеуір мына халықпен, істеп жатқан жайымыз бар. Былтыр осы жерден 300 тонна өнім алғабыз, биыл да сондай болады деп отырмыз. Бұл енді 60-70 күнде шығады деп отырмыз. Ерте пісетін сорт, ұзағымен айтып отырмыз ғой. Ресейге жібереміз.

Биыл Жетісай ауданы бойынша 78 мың гектардан астам аумаққа егіс егіледі деп жоспарланып отыр. Соның ішінде 1 мың гектарға қырыққабаттың ерте пісетін сорты егіледі. Өткен жылы аудан диқандары 1100 гектар жерге ерте пісетін орамжапырақ дақылын еккен болатын. Сәуір айында одан 38 мың тонна өнім жинап, еліміздің бірнеше облысы мен ресейге экспортқа шығарды. Ал биыл облыс бойынша 10 мың гектар алқапқа қырыққабат дақылы егіледі деп күтілуде.

Әлібек Плалов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

– Өңірдегі табиғи климаттық ерекшелігіне байланысты көктемгі дала жұмыстары басталды. Биылғы жылы 844 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 мың гектарға артық. Соңғы 3 жылда бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы қолға алынған болатын. Былтрығы жылы 2878 жоба іске асты. 8900 гр-ға егілген көкөністен 279 мың тонна аыл шаруашылығы өнімі жиналды.

Мамандардың айтуынша, облыстағы көктемгі дала жұмыстарына 48 мың тонна жанар-жағармай қажет. Қазір Ауыл шаруашылығы және Энергетика министрлігімен келісім жасалуда. Сондай-ақ минералды тыңайтқыштарды сатып алу және субцидиялау үшін облыстық бюджеттен 4,5 млрд теңге қаржы қаралған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш