Алматыда сот санкциясымен 249 адам қамауға алынды

Қазір құқық қорғау органдары 405 қылмыстық істі тергеуде. Сот санкциясымен 249 адам қамауға алынды. 2 мыңға жуық нысанға залал келді, деп хабарлайды Хабар 24.

Алматы қаласының прокуроры Берік Жүйріктаевтың айтуынша, қазір нысандарды қалпына келтіруге тезірек кірісу керек. Сондықтан тергеушілер оларды тексеруге мән береді. Алдағы күндері барлық жұмыс аяқталады. Оқиға орнынан көптеген дәлелдер, заттай айғақтар мен қылмыс іздері алынды.

Брифингте мәлім болғандай бандиттердің киімі, бейнежазбалар, қылмыс құралдары, оның ішінде 127 қару-жарақ тәркіленген. «Алынған бейнематериалдарды қылмысқа қатысушыларды анықтау үшін қолданылды. Прокурорлар қылмыстық процестің барлық кезеңінде азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етеді. Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, құқық қорғау ұйымдарының өкілдерімен, адвокаттар алқасымен жұмыс өзара тығыз байланыста жүргізіледі. Күдіктілерді ұстау жағдайларын тәуелсіз бағалау үшін оларға тергеу изоляторларына кіру мүмкіндігі берілді», – деді Берік Жүйріктаев.