Алматыда лаңкестер қандай тактика қолданғаны белгілі болды

Лаңкестер полицияны шаршатып, күштерді осал ету үшін түрлі тәсілдер қолданды, деп хабарлайды Хабар 24 Орталық коммуникациялар қызметіндегі Алматы қалалық Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовтің мәлімдемесіне сілтеме жасап.

«Биліктің беделіне нұқсан келтіру үшін қылмыскерлер полицейлер мен әскери қызметкерлердің киімін киіп алған. Алаңның периметрі мен қаланың орталық көшесінде 493 бейнебақылау камерасы істен шыққан. Жолдарға тосқауыл қойылды, периметрлер айналысына бақылаушылар орналастырылған. 4-5 адамнан құралған лаңкестер басып алған көліктермен мемлекеттік нөмірсіз жүрген», – деді Қанат Таймерденов. Оның айтуынша, қозғалыс кезінде олар полиция жасақтары мен блок бекеттерге оқ атқан. «Қару-жарақ пен әскери техниканы тартып алу мақсатында Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдеріне шабуыл жасалды. Олар Алматы халықаралық әуежайын басып алған. Сауда және ойын-сауық орталығына, қаржы ғимараттарына шабуылдар жасалды. Қаланың әр түкпірінен бір мезгілде әртүрлі ғимараттарға «мина» қойылғаны, атыс-шабуыл туралы жалған хабарламалардың көптеп түскенін атап өткім келеді. Бұл тактиканы лаңкестер полицияны шаршатып, күштерді осал ету үшін қолданған», – деді департамент басшысы. Бұдан бұрын хабарланғандай, Полиция департаментінің ғимаратын басып алуға лаңкестер 27 рет әрекет жасады.