424,84 450,91 6,80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елордада тәртіпке көнбегендер қамауға алынды

  • 135
  • UPD: 10:58, 17.01.2022

Пайдаға құнығып, түнгі 11-ден кейін жұмыс істеген бизнес-нысан иелері, айыппұл төлейді. Бары лицензиясынан айырылады. Елордада төтенше жағдай режимі әлі аяқталған жоқ. Бір тәулікте тәртіп бұзған жүзден астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қалада тыныштық орнап, тіршілік бұрынғы қалпына келген тәрізді. Тек блок бекеттер ғана төтенше жағдай режимінің әлі бар екенін қаперге салғандай. Құжат тексеру, көліктерді қарау. Елордада алты бақылау-өткізу бекеті тынымсыз жұмыс істеп тұр. 

Ержан Естай, патрульдік полиция полкінің аға инспекторы:

 – Арагідік айтқанға көнгісі келмей, мінез көрсететіндер болмаса, ашық қарсылық білдіріп жатқандар кездеспейді. Кез келген жағдайға түсіністікпен қарауға тырысамыз. Десе де, блок бекеттерде тәртіпке мүлдем бағынбай, ашықтан-ашық қарсылық білдіргендер жоқ.

Тәртіп сақшыларының қалаға кіріп-шыққан көліктерді мұқият тексеруі зая кеткен жоқ. Төтенше жағдай басталғалы күштік құрылымдар 60-тан астам қару мен оқ өтпейтін кеудеше тәркілеп, ұрлық жасады деген бірқатар  күдіктіні қолға түсірді.

Данияр Орал, Нұр-Сұлтан қ. ПД ресми өкілі:

– Осы деректер бойынша тексеру жүріп жатыр. Сонымен қатар блок бекеттерде екі есірткі тасу әрекеті әшкереленді. Алдыңғы күні Павлодарда ұрлық жасады деген күдікті ұсталды. Қарағандыда ұрлық жасаған тағы бір күдікті қолға түсті.

Қаңтардың бесінен бері елордалық тәртіп сақшылары бес жүзге жуық адамға айыппұл салған. Оның 42-сі тұтқындалды. Елордада төтенше жағдайдың аяқталуына бірнеше ғана күн қалды. Сондықтан тәртіп сақшылары түнгі 11-ден таңғы жетіге дейін жалғасатын колменданттық сағатқа сабырлықпен қарауға шақырады.

Динара Абдирова, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы