Елімізде күн райы күрт құбылып, бірқатар тас жол жабылды

Еліміздің бірқатар өңірінде, күн райы күрт нашарлады. Арқа өңірінде бұрқасын толастар емес. Кей облыстарда тұман түсіп, көктайғақтан жол қозғалысы шектелді. Жолға шығу қауіпті. Оның үстіне көктайғақ. Төтенше жағдай қызметі ауа райының қолайсыздығына байланысты ел азаматтарына алыс сапарға шықпауды ескертеді.

Елордадан Қарағандыға шығатын жол жабық. Себебі, Арқада бұрқасын толастар емес. Жолға шығу қауіпті. Оның үстіне көктайғақ. Ал қазір елорданың өз басында термометр бағаны 13-15 градус шамасында, суықтықты көрсетіп тұр. Ақмола облысында желдің екпіні секундына 20 метрге дейін жетеді. ҚазақАвтоЖолдың хабарына қарағанда, елордадан шығатын тағы екі бағытта жол жабық тұр. Яғни, Көкшетау мен Павлодар тас жолдары арқылы жолаушылардың қатынауына шектеу қойылған.

Алина Есмағұлова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:

– Жақын арада Қара теңіз аудандарынан келетін Батыс антициклоны ҚР ауа райына әсер ететін болады. Өзімен бірге ол республиканың солтүстігіне аязды алып келіп, жауын-шашынды тоқтататын болады.

Солтүстік Қазақстан мен Қостанай облыстарында да ауа райы күрт суытты. Шығыс пен Батыс өңірінде де қатты жел тұрады. Шығыстағы Катонқарағай ауданында қар көшкіні болды. Таудан сырғыған қар жергілікті маңыздағы жолды екі жерін басып қалды. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметі бойынша шамамен 180 шаршы метр қар түскен. Ал соңғы екі тәулікте өңірде күн райы күрт жылынып, қатты жел соқты. Осының кесірінен қырат-қырқадағы қалың қардың көбесі сөгіліп жатыр. Жалпы, шығыста қар көшкіні түсіетін 497 қауіпті аумақ бар.

Ақмола облысында да боран салдарынан мектептерде сабақ тоқтатылды. Аймақтағы ақтүтектен бірнеше бағыттағы жол жабылып, біраз адам қар құрсауында қалды. Мәселен, өткен тәулікте өңірде жолда қалған 50 шақты жолаушы құтқарылған. Олардың барлығы жақын маңдағы жылыну бекеттеріне аман-есен жеткізілді.

Қанат Доспаев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

– Сондай-ақ 16-сы күні сағат 19:30-да қатты желдің салдарынан Жақсы аудандық ауруханасының шатыры ұшқаны белгілі болды. Бірақ бұл аурухана жұмысына кері әсер еткен жоқ. Емдеу мекемесі қалыпты қызмет атқарып жатыр. Ауа райы дұрысталған соң оны жергілікті билік өкілдері жөндеуге кіріседі.

Ауа райының тосын мінезі Павлодарда көлік жүргізушілерін әбігерге салды. Алдымен күн күрт жылынды. Одан кейін соққан ақ түтек бораннан жолдарды жабуға тура келді. Өткен демалыс күндері республикалық маңызы бар жеті облыстық бағыттағы төрт жолда көлік қозғалысы шектелді. Кейбір жерлерде көктайғақ пен боран салдарынан жүк көліктерімен жеңіл көліктердің тұрып қалғаны анықталды. Төтенше жағдайлар қызметі қандай да бір қиын жағдайлардың тіркелмегенін айтады

Мейрамбек Батырғұлов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Республикалық маңызы бар жолдардың қарын күреуге 25 техника бірлігі жұмылдырылды. Екі техника облыс аралық  жолдарда жұмыс істеп жатыр. Қауіпсіздікті  қамтамасыз ету мақсатында құтқарушылар 21 бейнеүндеу жариялады. Қазіргі уақытта жағдай тұрақты.

Төтенше жағдай қызметі ауа райының қолайсыздығына байланысты ел азаматтарына алыс жолға шықпауды ескертеді.

Сондай-ақ...