Көктайғақ салдарынан жарақат алғандар көбейді

Семейде көктайғақ салдарынан құлап, жарақат алған адамдар саны күрт өсіп кетті.

Жедел медициналық жәрдем қызметінің травматология бөлімшесіне соңғы бір тәуліктің ішінде 70 адам көрінген. 10 шақты тұрғын аурухана төсегіне таңылды. Жаңбыр жауып, артынша аяз болғандықтан, қала көшелері мұздан жалтырап жатыр. Коммуналдық кәсіпорындар көше мен жаяу жүргіншілер жолына осындайда пайдаланылатын арнайы қоспаны шашып үлгермеуде. Дәрігерлердің айтуынша, биыл түрлі жарақатпен ауруханаға қаралушылар саны өткен жылмен салыстырғанда мың адамға көп болып тұр. Ауа райының қолайсыздығынан мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшті.

Дәурен Дүйсенбаев, ЖМЖҚ травматология бөлімінің меңгерушісі:

– Енді халқыма мұндай ауа райының қолайсыз жағдайынан көшеге шығу керек болмаса, беталды шықпай-ақ қойса екен дейміз. Үйлердің арасының бәрі көктайғақ. Таңертеңнен бері 12 кісі келді құлаған. Көбі таңертең жұмысқа асығып шыққандар. Көбінесе қол, білек сынығымен, тобық сынықтарымен, сіңірі созылулармен кеп жатыр.