АШМ: Қарағанды облысында аусыл індетінің ошағы жойылды

Қарағанды облысында аусыл індеті анықталған 2 сиыр және қатар тұрған 25 ірі қара толығымен жойылады. Ал мал иесіне нарықтағы бағамен өтемақы төленеді. Бұл туралы ветеринарлық бақылау комитетіне қарасты Қарағанды облыстық инспекция өкілдері хабарлады. Қазіргі кезде қыстақ маңы түгелімен карантинге қоршалып, зарарсыздандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Қарағанды облысының Шет ауданы тоғыз жолдың торабында тұр. Бұл да ірі қара арасында бұрын-соңды болмаған індеттердің өршуіне өз салдарын тигізіп отыр. Талап бойынша шетелден әкелген мал 2 апта оқшаулануы тиіс. Алайда оны елемейтіндер көп. Аусылдың шығуына да осы себеп түрткі болуы мүмкін дейді сала мамандары.

Саян Иманғалиев, АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің басқарма басшысы:

- Ауру болжам бойынша заңсыз малдың қозғалысынан болуы мүмкін деген болжам бар. Ауру ошағындағы ауру салдарды және олармен контактте болған малдардың көзін жою туралы шешім шығарылды. Жойылған мал құны республикалық бюджеттен бөлінеді. 

Карантиндік аймақтан төрт түлікті, мал өнімін, тіпті құрал-саймандарды шығаруға тыйым салынған. Індет ошағында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізі аталған індетке қарсы вакцина тек елдің оңтүстік өңірлерінде жасалып келген. Ал орталық пен солтүстік өңірде жасалмаған көрінеді.  

Данияр Мерғазин, ветеринарлық бақылау комитеті облыстық инспекция басшысының міндетін атқарушы:

- Талдыбұлақ қыстағында блокпост қойылып, тәулік бойы кезекшілік, жергілікті полиция мен ветеринарлық қызмет тарапынан ұйымдастырылды. Бүгінгі күні аудандағы эпизодиялық ахуал қатаң бақылауда. 

Қазір індетті толық жою мақсатында арнайы штаб құрылған. Мамандар шығын мен малдың орташа бағасын есептеп шығарады. Аусыл ірі қара ішінде аса қауіпті вирустық індет саналады. Ет, сүт арқылы адамға да жұғу мүмкіндігі жоғары. Бірақ адамнан адамға жұқпайтын көрінеді.