Құқық қорғау өкілдерінің әрекетіне байланысты қоғам белсенділерінен 21 арыз түсті

Олардың 18-і жаппай бүлік кезінде ұсталғандар қамалған мекеме мен изоляторларды тексеру кезінде анықталды.

Қоғам белсенділері тұтқындалғандардың құқықтары сақталуын тексеруді жалғастырып жатыр. Олар ішкі істер органдары мен прокуратурамен бірлесіп осы бағытта жұмыс істейді. Қазақстанда төтенше жағдай кезінде үш мыңнан астам адам ұсталды.

Эльвира Әзімова,  ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Бұл күндері біз азаматтық қоғам өкілдерімен бірге ұсталғандар орналасқан мекемелерге баруды жалғастырып жатырмыз. Бірнеше күн ішінде біз 11 өңірде осындай 34 мекемеге бардық. Мұндай превентивті баруды жалғастырамыз. Себебі бізге де ол керек. Сондықтан прокуратура қатыгездік туралы барлық сигналдарды тексеріп, оларға құқықтық баға беру керек және берілген нәтижесін жариялауы керек. Бұл жұмысты формалды түрде жүргізбеу керек, мұндай тәсіл ашықтық пен бейтараптық кепілі болып табылады.