Алматыдағы бүлік кезінде ауыр жараланған әйел ауруханадан шықты

Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде оқ тиіп, аман қалған 30 жастағы әйел аурханадан шықты. Шолпан Бегайдарова 6 қаңтар күні балаларына дәрі-дәрмек қажет болып дәріханаға барады.

Сол күнді Шолпан Бегайдарова қорқынышпен еске алады. Айтуынша, Назарбаев даңғылымен келе жатқанда белгісіз біреулер оның көлігіне оқ атқан. Есікті тесіп өткен екі оқ жамбасына тиеді. Кездейсоқ шабуылдан есі шыққан ол жылдамдықты арттырып, алға қарай жүре береді. Сол кезде тағы бір оқ тиіп, денесін тесіп өтеді.

Шолпан Бегайдарова, Алматы қаласының тұрғыны:

- 6 қаңтар күні балаларға дәрі алу үшін дәріханаға шықтым. Жолда көлігіме оқ жаудырды. Операция кезінде 3 оқты алып, тоқішекті тікті. Оқ жамбастан кіріп, сүйекті жанап өткен. Мұндай жағдайда аяқты кесіп тастайды екен.

Бірақ дәрігерлер Шолпанның аяғын сақтап қалды. Бұдан бөлек, оның бүйрегі мен басқа да маңызды мүшелеріне зақым келген. Жағдайым бұдан да қиын болуы мүмкін еді дейді ол. Себебі, үшінші оқ омыртқасына екі миллиметр ғана жетпей тиген.

Шолпан Бегайдарова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Дәрігерлер жағдайымды қанағаттанарлық деп бағалап отыр. Олар қажет болған барлық жедел ем-шараларды жасады. Ендігі мәселе – оңалту шаралары. Барлығы денсаулық жағдайыма байланысты болмақ. 

Шолпан Бегайдарова үш баланы жалғыз өзі асырап отыр. Жалдамалы пәтерде тұрады. Балаларым - өмірімнің мәні, дейді ол. Шолпанның денсаулығы толығымен қалпына келе ме, жоқ па оны дәрігерлер әзірге айта алмайды. Ал Шолпан үшін қазір балаларын асырау мен баспана ақысын төлеу басты мұң.

Гүлжан Көленқызы, Ғафу Уәли, Валентин Лобанов