431,41 450,91 6,80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Талдықорғанда жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

  • 98
  • UPD: 19:18, 18.01.2022
Талдықорғанда жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр

Алматы облысында мемлекеттік органдар ғимараттарын жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды «Хабар 24» Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Талдықорған қаласында барлығы 7 мемлекеттік нысанға зиян келтірілген болатын. Соның 2-еуі, яғни аздаған залал келген І.Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы мен М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейі қалпына келтірілді, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алматы облыстық қаржы басқармасының мәліметіне қарағанда, қалған бес нысан бойынша техникалық сараптама жүргізіліп, дефект актілері мен алдын ала сметалық есептері жасалды. Осы 5 ғимаратта бүгінгі күні қоқыс тазалау мен шығару жұмыстары аяқталып, инженерлік жүйелерге, витраждарға, қасбеттердің қаптамаларына демонтаж жасалды.

Жөндеу жұмыстарына 401 адам мен 12 бірлік техника тартылды. Аталған нысандардың ағымдағы және күрделі жөндеуіне шамамен 4,5 млрд. теңге қажет. Одан бөлек бүлінгендердің орнына сатып алынатын жиһаздар мен құрал-жабдықтар үшін, нысандардың терроризмнен қорғану талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге де қаржы жұмсалады.

Шағын және орта бизнес нысандарына қатысты айтсақ, «Атамекен» ҰКП мәліметі бойынша 131 коммерциялық нысанға 8,9 млрд. теңгеге материалдық-мүліктік зиян келтірілген.

Алдын ала есептеулер бойынша жалпы келтірілген шығын көлемі 16,2 млрд. теңге.

 

 

Хабар 24 телеарнасы