Газ бағасын көтерген 12 компания тергеліп жатыр

Елде газ бағасын негізсіз көтергендермен күрес күшейеді. Бүгін Үкімет мүшелері аталған мәселеге тағы назар аударды. Қазірдің өзінде бассыздыққа барған 12 компания тергеліп жатыр.

Елде отын бағасына бақылау күшейді. Президенттің пәрменінен соң Үкімет бірқатар шараларды қолға алды. Соның бірі – бағаны негізсіз көтергендермен күрес. Қазірдің өзінде бөлшек саудада 12 компанияның бассыздыққа барғаны белгілі болып отыр. Төртеуі – тасымалдау саласының белді өкілдері.

Серік Жұманғарин, ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:

– Петроретейл, Синоил, Газпромнефть-Казахстан, Гелиус. Агенттік күн сайын сұйытылған мұнай-газдың өткізу бағаларына мониторинг жүргізуде. Уақытша шекті бағадан асып кету фактілері анықталған жағдайда бағаны төмендету туралы нұсқама жіберіледі. Орындамаған жағдайда ӘҚБК 162- бабына сәйкес әкімшілік жаза қолданады.

Ақтөбеде сұйытылған газ жеткізуші екі бірдей алпауыт компания тергеліп жатыр. Кәсіпорындар өнім бағасын көтерді деген күдікке ілінді. Егер монополияға қарсы заңнаманың бұзылғаны анықталса, онда ірі көлемде айыппұл салынады. Ал автогаз құю станцияларындағы баға бақылауда тұр, дейді мамандар.

Сәуле Бақберген, ҚР Бәсекелестікті дамыту және қорғау жөніндегі агенттіктің облыстық департамент басшысының орынбасары:

– «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы газ жеткізген бірқатар өңірлер бойынша да тергеу жүріп жатыр. Атап айтқанда, солтүстік, шығыс және батыс Қазақстан облыстары бар. Ал «Казахойл» кәсіпорнына қатысты тергеу Ақтөбе облысы аясын қамтиды. Істі тезірек қарауға тырысамыз.

Президент тапсырмасына сай мұнай өнімдерін бөлшек саудада сатуға 180 күнге шекті баға бекітілгені белгілі. Бүгінде сұйытылған газдың литрі өңір алшақтығына қарай 50 теңгеден 75 теңге аралығында, ал АИ92 маркалы бензин 182 теңгеге дейін саудаланып жатыр. Алайда қабылдаған шаралар көлік жүргізушілерінің бәрінің бірдей көңілінен шықпаған секілді.

Жауапты орган өкілдерінің айтуынша, нарықтағы жағдайды электронды сауда - саттық жүйесіндегі кемшіліктер де шиеленістіріп жіберген. Сондықтан бұл механизмге толықтай көшу келер жылға қалдырылды.