Нұр-Сұлтан әуежайында Алматыдағы митингтерге қатысқан күдіктілер ұсталды

2022 жылғы 16 қаңтарда «Нұр-Сұлтан» Шекаралық бақылау басқармасының әскери қызметшілері Астана әуежайының нысандарын күзету мен қорғауды жүзеге асыру кезінде мінез-құлық белгілері бойынша Ресей Федерациясына кетуге бағыт алған Қазақстан Республикасының 2 азаматын ұстады. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлайды.

Олардың жүгі мен қол жүгін тексеру барысында пышақтар, кастеттер мен кісендерден тұратын суық қару түрлері табылды.

Тексеру барысында олардың ұялы телефондарынан Алматы қаласындағы митингтерге, демонстрациялық әрекеттер мен бұзақылықтарға қатысқандығын растайтын бейнежазбалар табылды.

Ұсталғандар әрі қарай жауапкершілікке тарту үшін полицияның желілік бөлімінің қызметкерлеріне берілді.

Бұдан басқа, «Ташкент–Нұр-Сұлтан» қатынасындағы халықаралық рейсті рәсімдеу  кезіндегі паспорттық бақылау жұмысының нәтижесінде жалған төлқұжаты бар Тәжікстан азаматы анықталды, ол шекараны заңсыз кесіп өту мақсатында құжаттағы өзінің анықтамалық деректерін әдейі өзгерткен.

Мемлекеттік шекара бұзушы келген жағына қайтарылды.