Бүлік кезінде 8 өңірде 270 нысан қираған – Үкіметтік комиссия

Қаңтардағы бүлік кезінде 8 аймақта 270 нысан қираған, 45-і әкімшілік және 225-і коммерциялық ғимарат. Бұл туралы өңірлердегі тәртіпсіздік кезінде келтірілген залалдарды жою жөніндегі Үкіметтік комиссияның кезекті отырысында айтылды.

Қазір олардың 44-і қалпына келтіріле бастады. Шымкент пен Алматыдағы жұмыстардың бір бөлігі аяқталды.

Комиссия шағын және орта бизнеске келген залалды Үкімет резервінен өтеу тетігін бекітті. Жылжымайтын мүлік объектілері бойынша расталған сметалық құжаттама негізге алынады.

Жоғалған тауарлық-материалдық құндылықтар бойынша өтеу көлемін өңірлік комиссиялар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, растайтын фискалдық құжаттарды негізге ала отырып анықтайды.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жұмысты жеделдетуді тапсырды.