Маңғыстау облысында полиция қызметін күшейтілген режимде жалғастырады

Түнде Маңғыстау облысында 8 блокбекет алынып, әскери техника шығарылды. Мұнда тек полиция қызметін күшейтілген режимде жалғастырады.

Аймақта 5 қаңтардан бастап, Жаңаөзенге 3, Ақтаудың аумағына 5 блокбекет қойылған еді. Оларда 114 полиция және 256 әскери қызметкер тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қадағалады. Бүгінге дейін 62 мыңнан астам автокөлік пен 98 мың адамның жеке бас құжаты тексерілді. Коменданттық сағат кезінде заң бұзған 421 тұлғаға әкімшілік іс қозғалған.   

Дыбыстық қыстырма. Әскери көліктер колоннасы блок бекеттен шығады.

Қалдымұрат Айғарақов, облыстық ПД ЖПҚ басқарма басшысы:

- 19 қаңтар 00 сағат 00 минутта Маңғыстау облысында Президент Жарлығына сәйкес төтенше жағдай режимі тоқталуына байланысты облыс бойынша орнатылған блокбекеттердің жұмысы тоқтатылады. Әрі қарай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіледі. Түсінушілікпен қарағандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз.